Денсаулық
Тренд

Тоқаев денсаулық сақтау саласын жаңғыртуды тапсырды

Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.  

Жиында Мемлекет басшысы дәрігерлерге еңбегі үшін алғыс білдірді.

«Сіздерді Медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Халық даналығы «Денсаулық – ең үлкен байлық» дейді. Ұлт денсаулығы – еліміз үшін шынымен де ең жоғары құндылық. Сондықтан медицинаны дамыту – мемлекеттің стратегиялық мақсаты. Дәрігерлер қоғамда ерекше рөл атқарады. Денсаулық сақтау саласына халықтың игілігі үшін адал қызмет ететін әрбір қызметкердің еңбегі жалпыға бірдей тануға лайық”, – деді президент.

Жиында президент Үкіметке бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізу жөнінде тапсырма берді.

Тоқаевтың айтуынша, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бірінші кезеңі сәтті іске асырылып,  2023 жылдан бастап жаңадан 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынған.

“Биыл 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұл азаматтарды тұрғылықты жерде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Елордада және өңірлерде мамандандырылған ғылыми институттар мен көпбейінді ауруханалар, заманауи емханалар және перинатальды орталықтар бой көтеруде. Дегенмен алдағы жұмыс ауқымды. Елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысан әлі де қызмет көрсетіп тұр.
Сондықтан Үкімет бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, олардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуы қажет», – деді ол.

Тоқаев білікті маман тапшылығын жою да негізгі мәселе екенін атап өтті. Айтуынша бұл мәселенің зардабын әсіресе ауылдық жерлер тартып отыр.

«Бұл үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысшыларын қолдау бағдарламасын әзірлеу қажет. Адамдарға көмектесуге бірінші болып келетін жандар мемлекет қамқорлығын сезінуі керек. Олар үшін лайықты жалақы, толық әлеуметтік пакет және жергілікті жерде жұмыс істеуге ынталандыратын тетіктер болуға тиіс», – деді президент.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button