«Екі адамның өмірін қиған жарылыс»: Қазцинк компаниясы 60 миллион теңге айыппұлмен құтылды

Жуырда Өскемен қаласындағы «Қазцинк» кәсіпорнында болған жойқын жарылысқа байланысты компанияға 60 миллион теңге көлемінде айыппұл салынғаны белгілі.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды tiek.kz.
«Терсеріс нәтижесінде бұл жағдайға кімнің кінәлі екені анықталып, тиісті айыппұлдар салынды. Алдын ала мәлімет бойынша, «Казцинк» компаниясына 60 миллион теңгеден астам көлемде айыппұл белгіленген. Бұл шаралар Экологиялық кодекс талаптары мен штаттан тыс жағдайларға қатысты ережелерге сәйкес жүзеге асырылды. Оқиға кезінде ауадағы шаң мен қорғасын шаңының концентрациясы рұқсат етілген нормадан асып кеткені белгілі болды. Бұл заңбұзушылықтардың барлығы арнайы зертханалық талдаулар арқылы нақты анықталып, айыппұл көлемін есептеуге негіз болды», — деп атап өтті министр.
Осы жылдың 5 мамырында зауыт аумағында түтін сорғыш (шаң ұстағыш) құрылғыны тазалау кезінде жарылыс болып, артынша өрт тұтанған еді. Апат салдарынан ғимараттың бір бөлігі опырылып, өкінішке қарай, екі жұмысшы қаза тапты және бірнеше адам ауыр жарақат алды. Осы оқиғадан кейін экологиялық бақылау мамандары санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлердегі ауа сапасын тексеруге кіріскен болатын.
Вице-министр Жомарт Әлиевтің түсіндіруінше, зертханалық сынамалардың нәтижесі бойынша қоршаған ортаға келтірілген экологиялық нұқсан толық есептеліп, зауытқа 60 миллион теңге айыппұл кесілді. Осы орайда, бұл сома тек табиғатқа тиген зиянды өтеуге бағытталғанын, ал зардап шеккендер мен марқұмдардың отбасына өтемақы төлеу мәселесі Экология министрлігінің құзыретіне кірмейтінін ескерте кеткен жөн.



