«200 теңге шығынды ақтамайды»: экономист жұртты шулатқан сөзіне түсініктеме берді
Астанада автобустарды субсидиялауға жылына шамамен 140 миллион доллар жұмсалады. Алматыда бұл көрсеткіш 200 миллион доллардан асады.

«200 теңге төлеу – әділетсіздік! LRT қызметіне Дубай мен Стамбул жүйесін енгізу қажет» деп жұртты шулатқан экономика сарапшысы деп Олжас Байділдинов tiek.kz журналисіне эксклюзивті сұқбат беріп, не үшін олай дегенін түсіндірді.
Айтуынша, LRT шамамен 1,8 миллиард долларды құрайтын өте қымбат жоба. Бұл өз кезегінде елорда бюджетіне үлкен салмақ түсіреді.
«Қараңыз, баға туралы сөз менікі емес, бұл қызмет көрсететін CTS компаниясы басшылығының сөзі. Ол 200 теңгелік баға тіпті операциялық шығындарды да жаппайтынын атап өтті. Ал өзіңіз білетіндей, LRT несиеге салынған, ондағы жалпы инвестиция сомасы шамамен 1,8 миллиард долларды құрайды, яғни бұл елорда бюджетіне салмақ түсіреді. Яғни LRT бюджет қаржысынан субсидияланатын жоба. Соның кесірінен мектептер мен балабақшалар салынбай қалады», — дейді ол.
Сондай-ақ ол бағадағы әділетсіздік туралы мәселені аспаннан алып отырмағанын айтады. Бұл әлемде бар тәжірибе.
«Екіншіден, бүкіл әлемде, әртүрлі елдерде жол жүру құны қашықтыққа байланысты болады. Меніңше, LRT болсын жалпы қоғамдық көлікте болсын, екі-үш аялдама ғана жүретін адамның қаланың бір шетінен екінші шетіне баратын адаммен бірдей төлейтіні әділетсіз. Құны жүріп өткен қашықтыққа байланысты болуы керек.
LRT-нің дәл осылай жасауға мүмкіндігі бар. Сіз кірген кезде станцияға кіреберісте белгіленіп (валидация жасап), содан кейін барып пойыздың өзін күтесіз. Яғни, бұл жағдайда аймақтардың (зоналардың) немесе аялдамалардың санын есептеу үшін жүйені автоматтандыру өте оңай жүзеге асырылады және негізінен бүкіл әлемде қолданылады. Демек, жол ақысы адамның қаншалықты қашықтыққа баратынына байланысты болуы тиіс. Бұл ретте, әрине, ол 200 теңге ешқандай шығынды ақтамайды.
Бұл да менің сөзім емес, Google-дан іздеп көрсеңіз болады. Астана мен Алматы мәслихаттарының сессияларында жол жүрудің нақты өзіндік құны 400-450 теңге екені мәлімделді. Бұл өткен жылғы бағалармен есептегенде. Яғни, адам жол жүру үшін шартты түрде 100-120 теңге төлеген кезде, үстінен кем дегенде тағы 300 теңгені қалалардың бюджеті төлейді.
Сандар туралы ойланып көріңізші. Астанада автобустарды субсидиялауға жылына шамамен 140 миллион доллар жұмсалады. Алматыда бұл көрсеткіш 200 миллион доллардан асады.
Сұрақ мынада: осы ақшаға сай сапа бар ма? Бұған өзіңіз жауап беріңізші. Меңіңше, жоқ. Ол жерде ашық бәсекелестік, таза бәсеке болуы керек және ешқандай субсидия болмауы тиіс деп есептеймін. Адамдар тек жүрген қашықтығы үшін ғана төлеуі керек», — дейді Олжас Байділдинов.



