
Ақтау қаласындағы «Қасиет» клиникасы мәслихат депутат Ербол Айтуов пластикалық операция кезінде көз жұмды деген ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Клиниканың бас дәрігері Артур Тәжиев әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. Оның сөзінше, қоғам айыптап отырған дәрігер аталған операцияны жасамаған. Сонымен қатар ол клиниканың лицензиясыз жұмыс істеп жатқаны туралы ақпаратты да теріске шығарды.
Клиника өкілдерінің мәліметінше, медициналық мекеме 2015 жылдан бері ресми лицензия негізінде жұмыс істейді. Сондай-ақ мекемеде анестезиология және реаниматология қызметтерін көрсетуге рұқсат бар екені айтылды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Ақтауда мәслихат депутат Ербол Айтуов пластикалық операция кезінде көз жұмды деген ақпарат тараған еді. Оқиға «Қасиет» клиникасында болғаны айтылған.
49 жастағы Ербол Айтуов 4 сәуір күні липосакция жасатуға барған. Марқұмның жұбайының айтуынша, отадан кейін наркоз әсерінен оның қан қысымы мен қант деңгейі күрт көтеріліп, комаға түскен. Бір айдан кейін ол ауруханада қайтыс болды.
Марқұмның жақындарының айтуынша, дәрігерлер анестезия кезінде қателік жіберген.
Қайғылы оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы тексеру жүргізіп, медициналық мекемеде ересектерге реанимациялық көмек көрсетуге рұқсат беретін лицензияның мүлдем болмағанын және өрескел заңбұзушылықтарды анықтады делінген еді бұған дейінгі ақпарттарда.
Тексеріс қорытындысы бойынша, аталған клиниканың ота жасау блогы тиісті деңгейде жабдықталмаған, ал қолданыстағы медициналық аппараттардың бір бөлігінің мерзімі өтіп кеткен болып шықты. Оған қоса, мұндай оталар кезінде міндетті түрде дайын тұруы тиіс анафилактикалық шокқа қарсы шұғыл препараттар да табылмаған.



