Денсаулық
Тренд

Алматыда екі адам кене шаққаннан кейін қауіпті ми ауруын жұқтырған

Алматыда биыл кене шаққаннан кейін екі адам кене арқылы тарайтын ми ауруын жұқтырған. Бұл туралы Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Алматы қаласының маңы кенелер көп таралған эндемиялық аймаққа жатады. Мұнда иксод кенелері кездеседі және олар кене энцефалиті мен кене боррелиозы сияқты қауіпті инфекцияларды таратады.

Әсел Қалықованың сөзінше, қазіргі уақытта Алматыда кене энцефалитінің екі жағдайы тіркелген.

Бүгінгі таңда қала бойынша кене энцефалитінің екі жағдайы тіркелді. Барлық науқас қажетті ем қабылдап жатыр. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады, — деді ол.

Айта кетейік, кене энцефалиті — кене шаққан кезде жұғатын қауіпті вирустық ауру. Ол адамның миы мен жүйке жүйесін зақымдап, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік сияқты белгілер тудырады. Ауыр жағдайда сал ауруына немесе басқа да асқынуларға әкелуі мүмкін.

Маманның айтуынша, биыл кене шағу жағдайлары өткен жылдармен салыстырғанда ертерек басталған. Алғашқы жағдайлар наурыз айының басында тіркелген.

Ол мұны күннің ерте жылынуымен және кенелердің белсенділігінің ерте басталуымен байланыстырды.

Дерек көз: baq.kz

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button