Экономика

Газ бағасы 33 пайызға өсетін болды

1 шілдеден бастап тауарлық газдың көтерме бағасы 33 пайызға өседі, деп хабарлады tiek.kz телеграмм-арнасы.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, қазіргі баға деңгейі газ қорларын барлау мен жаңа кен орындарын игеруге инвестор тартуға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан Үкімет газ саласына инвестиция тарту үшін көтерме тарифті көтеруге мәжбүр.

Жұманғариннің сөзінше, бұл шешім инфляцияға айтарлықтай әсер етпейді. Болжам бойынша, бағаның өсуі инфляция деңгейін шамамен нөл бүтін жүзден он алты пайызға арттыруы мүмкін. Министр сөз тек көтерме тауарлық газ бағасы туралы екенін нақтылады. Оның айтуынша, егер тариф өзгермесе, Қазақстан газ импортын арттыру қаупімен бетпе-бет келуі мүмкін.

Сонымен қатар Үкімет теміржол қызметтерінің тарифін көтеру мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Алғашқы кезеңде өсім орта есеппен он екі пайызға дейін жетуі ықтимал. Бұл жағдайда инфляция қосымша нөл бүтін оннан сегіз пайызға өсуі мүмкін.

Бұған дейін Энергетика министрлігі ішкі нарықтағы газдың көтерме бағасын кезең-кезеңімен үш жыл бойы көтеру жоспары бар екенін хабарлаған еді

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button