Алдағы Құрылтай сайлауы ел тарихындағы ең қымбат жоба болуы мүмкін
2026 жылы өткен республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуге бюджеттен шамамен 20,8 миллиард теңге жұмсалды.

Алдағы Құрылтай сайлауы ел бюджетіне біраз салмақ түсіретін секілді. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов алдағы Құрылтай сайлауын өткізуге кететін шығын туралы айтты. Айтуынша, бұл жолғы Құрылтай сайлауы бұрынғы науқандарға қарағанда қымбатқа түсуі мүмкін, деп хабарлады tiek.kz порталы.
«Құрылтай сайлауының уақыты нақты белгіленген жоқ. Бірақ шығыны бұрынғы сайлауларға қарағанда әжептәуір көп болуы мүмкін», — деп жауап берді Шавкат Өтемісов тілшіміздің «құрылтай сайлауының шығыны қанша болуы мүмкін?» деген сауалына.
— Бұл шығындар неге байланысты көп болады? Ол бір жылдың ішінде өтіп жатыр ғой…
— Жоқ, қазіргі мерзіміне келсек, мысалы, референдум бір айда өтті. Біз нақты шешімнің қай уақытта шығатынын білмейміз. Сондықтан шешім шығып, сайлаудың неше күнге созылатыны анықталғаннан кейін барып, сайлау комиссиясы мүшелерінің жалақысы есептеледі.
— Шығындар тек жалақымен шектеле ме, әлде басқа да шығындар бар ма? Мысалы, сайлау кезінде партияларға бөлінетін шығындар болады ғой, олар қосымша есептеле ме?
— Партияларға жұмсалатын шығындар олардың өз қорларына байланысты кандидаттарға бөлінеді. Мәслихатқа түсетін үміткерлер де бар. Ал Мәжілістегі Құрылтай сайлауында, өзіңіз білесіз, бір мандатты депутаттар болмайды, бұл жерде тек партиялар дауыс алады. Сондықтан шығындардың басым бөлігі сол партиялардың іс-қимылына байланысты болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Құрылтай сайлауы тамыз айында өтетінін айтқан болатын. Оның айтуынша, Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады.
Айта кетейік, 2026 жылы өткен республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуге бюджеттен шамамен 20,8 миллиард теңге жұмсалды. Қаржының үлкен бөлігі (шамамен 80%) комиссия мүшелерінің еңбегіне ақы төлеуге бағытталды. Қалған бөлігі бюллетеньдерді басып шығару, ақпараттық материалдар дайындау және учаскелерді жабдықтауға кетті.



