Берлин ратушасына ту тіккен қазақ батыры
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Кенжебай Мәденұлы Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Кенжебай Мәденұлы Мәденов (1925 жылғы 19 ақпан – 1974 жылғы 26 желтоқсан) – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, Берлин операциясы кезінде фашистердің маңызды тірегі – Ратушаға бірінші болып кіріп, ту тіккен қазақ жауынгері.
Өмірбаяны және майданға аттануы
Кенжебай Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы (бұрынғы Ақтай-Сай ауылында) дүниеге келген. Есімі елге танымал ақын Махамбет Өтемісұлының ұрпағы.
Жас кезінде Отан қорғауға бел буған ол 1943 жылғы 8 қаңтарда, небәрі 17 жасында, өз еркімен Қызыл армия қатарына шақырылды. 1943 жылғы қарашада Краснохолмск жоғары жаяу әскерлер училищесінің курсын аяқтап, кіші лейтенант атағын алды. Ол 3-ші Украина майданының 8-ші гвардиялық армиясына қарасты 57-ші атқыштар дивизиясының 170-ші гвардиялық атқыштар полкінде пулемет взводының командирі ретінде Кривой Рог түбіндегі шайқастарға қатысты.

Әскери жолы және ерліктері
1944 жылдың қарашасынан бастап Кенжебай Мәденов 1-ші Белоруссия майданының 5-ші екпінді армиясы, 266-шы атқыштар дивизиясы, 1008-ші атқыштар полкінде взвод командирі болды. Ол бірқатар маңызды әскери операцияларға қатысты:
- Днепр өзенінен өту шайқастары;
- Ясса-Кишинев операциясы;
- Польшаны және оның астанасы Варшаваны азат ету;
- Висла-Одер операциясы.
Оның есімі әсіресе Берлин операциясындағы ерлігімен тарихта қалды. 1945 жылдың сәуірінде Берлин қаласының орталығындағы фашистердің маңызды тірегі – «Қызыл Ратуша» (Rotes Rathaus) ғимаратын жаудан тазарту операциясы басталды.
Маршал Георгий Жуковтың «Естеліктер мен ойлар» кітабында және соғыс жылдарындағы әскери тарихшылардың деректерінде былай деп жазылған:
«Жаудың тегеурінді қарсылығынан Ратушаға тіке шабуылдау қиын болды. Артиллерия мен реактивті қару арқылы атқылауға бұйрық бердім. Бүкіл ғимарат қалың түтінге оранды. Осы кезде Ратушаға бірінші болып аға лейтенант К. Мәденовтің взводы кірді. Олар Ратушаның вестибюлі мен дәліздерде қоян-қолтық ұрыс жүргізіп, әр бөлмені ұрыспен алуға тура келді».
Аға лейтенант Кенжебай Мәденов басқарған жауынгерлер ғимаратты толықтай жаудан тазартып, Ратушаның төбесіне полк туын тіккен болатын.

Соғыстан кейінгі өмірі мен тарихи баға
Соғыс аяқталғаннан кейін Кенжебай Мәденов әскери қызметін жалғастырып, подполковник шеніне дейін көтерілді. Бейбіт өмірде де қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесімен ерекшеленді.
Батырдың ерлігі қазақ әдебиеті мен тарихында да кеңінен көрініс тапты. Жазушы Ғабдол Слановтың «Тайсойған түлектері» романында, сондай-ақ Қазақстан тарихы оқулықтарында оның Берлин операциясындағы ерлігі ерекше атап өтілген.
Кенжебай Мәденов екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған. Ол 1974 жылы 26 желтоқсанда Атырау қаласында өмірден өтті. Бүгінде Атырау қаласында батырдың атында көше бар және оның есімін ұлықтау мақсатында спорттық турнирлер мен түрлі шаралар өткізіледі.
2026 жылдың 6 мамырында, Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Кенжебай Мәденұлы Мәденовке Ұлы Отан соғысындағы ерен ерлігі мен батылдығы үшін еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Халық қаһарманы» атағы берілді.



