Қоғам

Қазақстанда АЭС туралы ақпараттар мемлекеттік құпияға жатқызылуы мүмкін

Қазақстанда атом электр станциясына қатысты мәліметтер мемлекеттік құпия санатына енуі ықтимал. Жақында Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда мемлекеттік құпиялар туралы жаңа заң жобасын мақұлдады. Осыған байланысты еліміздегі кейбір маңызды нысандарды салу және жөндеу жұмыстары туралы ақпараттар қолжетімсіз болуы мүмкін, деп хабарлайды tiek.kz.
Алайда Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мемлекет энергетикалық нысандардың құрылысы туралы ақпаратты жасыруды көздеп отырмағанын атап өтті.
«Жылу электр орталықтары мен мемлекеттік аудандық электр станцияларына қатысты деректердің басым бөлігі қоғам үшін толық ашық күйінде қалады. Энергетикалық жобалар бойынша біз ешқашан ешқандай құпия ұстаған емеспіз. Атом станциясы бойынша мұндай ықтималдық бар, өйткені бұл өте ірі жоба, үкіметаралық келісім жасалуы мүмкін. Бірақ бұл мәселе бойынша Атом энергиясы жөніндегі агенттіктегі әріптестеріміздің өздері егжей-тегжейлі жауап беретін шығар», – деді Есімханов.
Дегенмен белгілі бір ерекшеліктерге байланысты құпиялылық саясаты болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Энергетика министрлігінің құзыретіне кіретін ақпарат қазақстандықтар үшін ашық әрі қолжетімді болып қалатынына сендірді.
«Біздің жобалар бойынша ештеңені жасырған жоқпыз, аукциондар өтіп жатыр… Қазіргі кезеңде біз оны құпияландыруды (ақпаратты құпия етуді. – Ескертпе) жоспарлап отырған жоқпыз», – деп қосты вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 29 сәуірде арнаулы мемлекеттік органдардың қызметі мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Түзетулерде мемлекеттік құпиялар туралы норма жазылған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button