Қоғам

«Кенесары ханның бас сүйегінен шарап ішеміз»: Екі қырғызстандық қызға қатысты тергеу басталды

Кенесары ханның бас сүйегіне қатысты қорлайтын пікір айтып, қазақстандықтардың наразылығын тудырған екі Қырғызстан азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Заңгердің айтуынша, бұған дейін екі Қырғызстан азаматы қазақ халқының тарихи тұлғаларына, ұлттық құндылықтары мен ата-бабаларының рухына қатысты қорлайтын пікірлер айтқан. Осыған байланысты Мейірман Шекеев құқық қорғау органдарына жүгініп, олардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған.

«Бүгін аталған Қырғыз Республикасының азаматтарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын жариялаймыз. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр деген арнайы түсіндірме мен құжат алдым», – деді заңгер.

Мейірман Шекеев қазақ халқының тарихына, жеріне және тарихи тұлғаларына тіл тигізуге жол беруге болмайтынын айтты.

«Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады демекші, біздің болмысымызға, ұлттық мүддемізге, Кенесары болсын, басқа да ата-бабаларымыздың рухына болсын, тіл тигізуге жол бермейміз. Олардың бүгінгі таңда ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Біз ешкімге жерімізге, ұлтымызға және тарихи тұлғаларымызға қатысты теріс сөз сөйлеуге жол бермейміз», – деді ол.

Заңгердің мәлімдеуінше, аталған жағдайға байланысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада білім алып жүрген Аруке мен Эдина есімді екі қырғызстандық студенттің әлеуметтік желідегі видеосы дау тудырған болатын. Видеода қыздардың бірі Кенесары ханның бас сүйегін меңзеп, «Біз одан шарап ішеміз» деп мәлімдеген. Сондай-ақ ханның рухын қорлау туралы пікір айтқан.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button