Каспийде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына берілетін қаржылай көмек көлемі құпия болып қалды

Каспийдегі қайғылы жағдай кезінде қаза тауып, зардап шеккен әскери қызметкерлердің отбасына қаржылай көмек бөлу жөніндегі комиссия жұмысын аяқтады. Қаржылай көмектің нақты сомасы айтылмады.
Өңір әкімдігінің сайтында жарияланған мәлімдемеде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов қорға түскен барлық қаражаттың бөлінгенін айтты.
«Ұлттық рух» қоры еліміздің ірі кәсіпорындарынан, кәсіпкерлері мен меценаттарынан қайырымдылық қаражатын жинау үшін құрылған.
“Қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр”, – деді Бекмұрат Жүсіпов.
Қаржылай көмектің нақты сомасы белгісіз. Қаражаттың мақсатты әрі әділ бөлінуін бақылау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілдері кіреді.
Қаражатты есепке алу және бөлу жөніндегі шешімдер қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарының қатысуымен қабылданып, тиісті хаттамалармен рәсімделген және барлық заңды рәсімдер сақталған.
«Әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарының өтініші бойынша, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен жеке деректерінің құпиялығын сақтау мақсатында нақты төлем сомалары мен қаражат алушылар туралы мәліметтер жарияланбайды», — деді Бекмұрат Жүсіпов.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Ресми мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметкер теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметкер қаза тапты.



