«Шындықты айтқаны үшін бопсаланып жатыр»: Бақтияр Артаев журналист Аслан Қаженовке араша түсті

Олимпиада чемпионы, бүгінде Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарып отырған Бақтияр Артаев спорт журналисі Аслан Қаженовке қолдау білдірді.
“Мемлекет басшысы отандық спортты дамыту, спортшыларды жан-жақты қолдау керектігін үнемі айтып келеді. Президент тапсырмасымен спорт саласына ауқымды реформалар да жүйелі түрде жүргізілуде.
Дегенмен, жақында өткен Азия ойындарындағы әділетсіздіктер спортшыларымыздың сағын сындырды, қолымызда тұрған жеңісті уысымыздан шығарып алдық. Мен Олимпиада чемпионы ретінде мұндай мәселеге бей-жай қарай алмаймын.
Мұндай сәтте жерлестеріміздің жан айхайын турасынан жеткізіп, халықаралық деңгейде шешуге барымызды салуымыз қажетпіз.
Белгілі спорт журналисі Аслан Каженов бауырымыз ғана шындықтықты шырылдатып айтып, спортшыларымыздың мұңын мұқым елге жеткізді.
Турасын айтқан туғанына жақпайды дегендей мәселені тереңінен зерделеп шешудің орнына Аслан бауырымызды түрлі жолдармен бопсалап, әртүрлі сылтауларды алға тарта отырып сөз бостандығынан айырудамыз.Осылай жалғаса берсе талай әділетсіздікке куә боларымыз анық.
Тағы бір мәселе осындай оқиғалардан кейін спортшылардың сеніміне селкеу, көңіліне қаяу түседі.
Осы ретте менің айтарым спорт бірде жеңіс, бірде жеңіліс. Бірақ спортта әділетсіздік ешқашан кешірілмейді.
Сондықтан бір-бірімізде қолдайық, қолдан келгенше демейік,отандық спортты бірге көтерейік!
Аслан ел спортына керек азамат, қайсар мінезді, турасын айтатын мықты журналист. Қоғамға керегі де осындай азаматтар», — деп жазған ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.



