«Бұрынғы лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылуы мүмкін»: депутат Маңғыстаудағы оқиғаға қатысты пікір білдірді

Маңғыстаудағы сарбаздардың қазасына байланысты қорғаныс саласында бұрын-соңды болмаған тексеру жүріп жатыр. Президенттің тапсырмасымен Жоғары аудиторлық палата, мемлекеттік комиссия және арнайы тексеру тобы құрылды. Қорғаныс министрі бастаған бірнеше лауазымды тұлға қызметінен алынып, он үш бірдей қылмыстық іс қозғалды.
Құрылтай депутаты Олжас Құспековтің айтуынша, жауапқа тартылатын тұлғалар саны әлі де көбеюі мүмкін.
«Тексеру тобы жақында Президентке есеп берді. Тексеру жұмыстары материалдық қамтамасыз ету, жарғыдан тыс қарым-қатынас, тәрбие жұмыстары, оқу-жаттығу дайындығы және бұйрықтардың заңдылығы сияқты барлық бағытты қамтиды. Бұл жүйелі проблема болғандықтан және сарбаздардың қаза табуы бірінші рет қайталанып отырған жоқ, тексеру аяқталғанша жұмыс жалғасады. Жүйелі реформа жасау үшін толық анализ жүргізіліп жатқандықтан, әлі де жауапқа тартылатын азаматтар болуы мүмкін. Тіпті бұрынғы лауазымды тұлғаларға қатысты да мәселелер анықталуы ықтимал. Бұл – тексеру қорытындысы шыққанда белгілі болады», — дейді депутат.
Сондай-ақ ол Құрылтай тарапынан әскери сала бойынша түсінігі бар азаматтардың ұсыныстарын жинап, Қорғаныс министрлігі мен комиссияға жібергенін айтады.



