Қоғам

СІМ Ресей соғысқа әкеткен қазақ жастарының тізімін дайындауды бастады

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресейге жұмыс іздеп барып, соғыс қимылдары жүріп жатқан аймаққа тап болған қазақстандықтарды елге қайтару бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Сыртқы істер министрлігі әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялаған азаматтарға қатысты қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.

«Оларды Отанына қайтару бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жедел желіге өтініштер әлі де түсіп жатыр. Әрбір өтініш бойынша ақпарат тексерілуде. Тексеру аяқталғаннан кейін жасақталған тізім Ресей тарапына жіберіледі», – делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, аталмыш мәселе бойынша Ресей тарапымен түрлі деңгейде тұрақты байланыс орнатылған.

Бұған дейін Шымкент қаласы тұрғыны Сымбат Келдібек бауыры, 2006 жылы туған Айнабек Келдібекті Ресейге жұмыс істеуге кетіп, соғысқа әкетілгелі жатқанын айтып дабыл қаққан еді. Жас жігіт маусым айында ғана Алматыдағы Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтқан. Ал 27 тамызда досымен бірге көрші елге табыс табу мақсатында барған.

Кейін бірнеше азаматтың өз жағдайын айтып, соғысқа әкетілгені жатқаны турасында видеосы тараған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button