Ватикан архивтерінен табылған сенсация: Қазақстан тарихына қатысты 500-ге жуық тың дерек әкелінді
Алматыда өткен «Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасы» атты халықаралық конференцияда отандық ғылым үшін айтулы жаңалық жарияланды. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары Ватикан мен Батыс Еуропа қорларынан Қазақстан мен түркі әлемінің тарихына қатысты 500-ге жуық тың дерек тапты, – деп хабарлайды Tiek.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.
2024 жылы басталған ауқымды ғылыми экспедиция барысында қазақ зерттеушілері миллиондаған құжаты бар, сөрелерінің ұзындығы 85 шақырымға созылатын Ватиканның Апостол архиві мен кітапханасында жұмыс істеген. Екі жыл ішінде ғалымдар жалпы саны 32 мыңға жуық еңбекті қарап шығып, соның ішінен еліміздің өткеніне тікелей қатысы бар құнды материалдарды іріктеп алды.
Экспедиция аясында табылған басты тарихи олжалар
Іздестіру жұмыстары тек Ватиканмен шектелмей, Италия, Германия, Франция, Мажарстан, Австрия, Испания және Ұлыбританияның қорларын да қамтыған. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Бас директорының орынбасары Бағдат Дүйсеновтің айтуынша, табылған құжаттардың тарихи салмағы өте зор. Олардың қатарында:
-
Рим папасы Төртінші Иннокентийдің Сартақ ханға жазған алғашқы хатының түпнұсқасы;
-
Күйік ханның Төртінші Иннокентийге жолдаған жауап хаты;
-
Алтын Орда дәуіріндегі Өзбек ханға Рим папалары мен елшіліктерден жазылған хаттардың нұсқалары;
-
Қазақстан аумағы мен Еуразия даласының тарихын жаңаша тануға мүмкіндік беретін XV ғасырда жасалған Фра Мауроның картографиялық еңбектері мен карталары.
Бұдан бөлек, зерттеу барысында Ватикан қорынан мәмлүк-қыпшақ тілінде жазылған өте құнды еңбек табылды. Бұл – 1619 жылы Мысырда жазылған «Аш-Шузур аз-захабийа» сөздігі. Ғалымдардың мәліметінше, қазіргі таңда әлем кітапханаларында оның 36 нұсқасы сақталған.
Ватиканмен ынтымақтастық жалғасады
Тарихи құжаттарды елге қайтару екіжақты меморандумның негізінде жүзеге асқан. Қазақстандағы Апостол нунцийі Джордж Панамтундил Ватикан тарапы қазақстандық ғалымдарға барынша ашық қолдау көрсеткенін атап өтті.
«Ғалымдарға өздері сұратқан барлық құжаттарды көруге мүмкіндік берілді. Алдағы уақытта да ынтымақтастығымыз жалғасады деп ойлаймын», – деді ол.
Қазіргі уақытта Еуропа архивтерінен әкелінген бұл деректер әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Алдағы уақытта отандық мамандар көне мәтіндерді аударып, қолда бар құжаттармен салыстырып, оларға ғылыми сипаттама беретін болады. Бұл еңбектер жақын арада ғылыми айналымға енгізіліп, Қазақстан тарихының көмескі тұстарын толықтырады деп күтілуде.



