Қоғам

Алматыда имам сауат ашу курсына келген балаларды сабаған

Оның сыныптағы жасөспірімдерді ұрып, қамшыға ұқсас затпен аяусыз сабағанын анық көруге болады.

Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Түркістан-1» мешітінде діни сауат ашу курсына келген жасөспірімдерді аяусыз ұрып-соққан оқытушы жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Желіде тараған бейнебақылау камерасының жазбасынан мұғалімнің сыныптағы жасөспірімдерді бірнеше мәрте ұрып, тіпті қамшыға ұқсас затпен аяусыз сабағанын анық көруге болады. Рухани тәрбие береді деген орындағы бассыздық қоғамда үлкен резонанс тудырды.

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқиға маусым айының басында «Имани жаз» сабақтары кезінде болғанын мойындады. Мүфтияттың түсіндіруінше, оқушылар өзара кикілжіңге түскенде, оқытушы Дүйсехан Нұрберді оларды тәртіпке шақырмақ болып, «эмоцияға беріліп, педагогикалық әдепке сай келмейтін әрекетке жол берген».

Оқиға желіге тарағаннан кейін мешітте шұғыл жиын өтіп, ұстаз кінәсін мойындап, ата-аналардан кешірім сұраған.

Ресми хабарламада тіпті ата-аналардың да оған еш шағымы жоқ екені, мұны жазбаша және бейнежазба түрінде растағаны айтылады.
ҚМДБ бұйрығымен ол жұмысынан дереу босатылды.

 

Ашығын айтқанда, бала құқығы аяққа тапталған мұндай ауыр фактіні «ата-ана кешірді» немесе «эмоцияға берілді» деген сөзбен жылы жауып қою өте қауіпті үрдіс. Мешіт қабырғасындағы зорлық-зомбылыққа тек тәртіптік шара емес, құқық қорғау органдары тарапынан да нақты құқықтық баға берілуі керек.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button