МәдениетИнтеллект дәуірі

Жасанды интеллект және 2 млн доллар: Астана әлемдегі ең ірі AI-кинофестивалін өткізді

Астана әлемдік AI-кино өкілдерінің басын қосқан жаһандық орталыққа айналды. Елордада өткен алғашқы Astana AI Film Festival 125 елден 8 мыңнан астам өтінім жинап, көлемі бойынша әлемдегі ең ірі халықаралық жасанды интеллект кинобайқауы ретінде тарихқа енді, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Үш күн бойы Астана режиссерлер, технологиялық компаниялар және инвесторлар бас қосқан үлкен алаңға айналды. Олар «автордың қолында жасанды интеллект пайда болғанда кино қалай өзгереді?» деген басты сауалдың жауабын іздеді.

125 ел, 8 мың өтінім және беделді қазылар

Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 8 067 өтінім түсіп, оның ішінен іріктеліп алынған 25 финалистің жұмысы MEGA Silk Way сауда орталығының үлкен экранында көрсетілді.

Халықаралық қазылар алқасының құрамы да ауқымды болды: олардың қатарында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одри Азуле, Қытай киноиндустриясының өкілдері және белгілі кәсіпкер, инвестор Баладжи Сринивасан бар.

Жүлде қоры мен инвестицияға – 2 миллион доллар

Бұл халықаралық жоба отандық бизнестің үлкен қолдауына ие болды. Freedom Holding Corp. жанындағы «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры:

  • Байқаудың тікелей жүлде қорына 1 миллион доллар бөлді;

  • Перспективасы зор AI-командаларға инвестиция құйып, Қазақстандағы өндірісті дамыту мақсатында тағы 1 миллион доллар қарастырды.

Бас жүлде кімге бұйырды?

3 қазанда елордада байқау жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Ең басты жүлде мен 450 мың доллар көлеміндегі қомақты сыйақыны «The First Honest Day» туындысының авторы, латвиялық режиссер Николай Шестак (Nikolay Shestak) жеңіп алды.

Қуантарлығы, жеңімпаздар қатарында отандасымыз да бар. Қазақстандық Мырзахан Жұмахан өзінің «It Was Just a Joke» комедиясындағы үздік кейіпкері үшін арнайы марапатқа ие болды.

Астана – жаңа креативті хаб

Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – фестиваль төңірегінде халықаралық қауымдастық қалыптастырып, Қазақстанда AI-кино өндірісіне жаңа мүмкіндіктер ашу. Осылайша, Астана тек кино көрсетілетін орын ғана емес, тың идеясы бар авторлар келіп, оны жүзеге асыратын инвесторлар мен серіктестер табатын жаһандық хабқа айналып отыр.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button