Қоғам

40 млн доллар инвестиция, криптохаб және жаңа дата-орталық: AI & Digital Bridge 2026 форумындағы басты келісімдер

Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы жасанды интеллект болашағын құр сөзбен талқылайтын мінбер ғана емес, нақты инвестициялық және технологиялық жобалар бекітілетін іскерлік алаңға айналды. Форум аясында цифрлық активтерден бастап медицина мен білім беру саласына дейінгі ауқымды меморандумдарға қол қойылды, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Бұл құжаттар елімізде есептеу қуаттарын құрудан бастап, Web3 бағытын және технологиялық бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін дамытуға нақты қадам жасалғанын көрсетеді.

Цифрлық активтер мен исламдық қаржыландыру

Форумдағы ең ірі келісімдердің бірі Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен БАӘ-нің MultiBank Group компаниясы арасында жасалды. Құжатқа сәйкес, арабтық инвестор Қазақстанға 30-40 миллион доллар көлемінде инвестиция құйып, өңірлік кеңсе ашпақ. Сонымен қатар, АХФО-мен бірлесіп өңірлік криптохаб құру көзделіп отыр.

Цифрлық қаржы нарығындағы тағы бір жаңалық – «Қазпошта» АҚ. Ұлттық пошта операторы екі үлкен жобаны бастайды:

  • Abhibha Technologies Pte. Ltd. компаниясымен бірлесіп, «Қазпоштаның» мобильді қосымшасына цифрлық активтерге қол жеткізу функциясын енгізуді зерттейді;

  • Еуразиялық даму банкімен (ЕАДБ) бірге бөлшек клиенттер үшін исламдық қаржыландыру қағидаттарына негізделген цифрлық тұтынушылық несие берудің пилоттық жобасын іске қосады.

Бұған қоса, өзбекстандық DOMiNO Ventures қоры мен Paidax брокері арасында инвестициялық ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді.

Жаңа дата-орталық және ЖИ саласындағы қазақ тілі

Еліміздің цифрлық инфрақұрылымын кеңейту мақсатында «Қазақтелеком» АҚ, «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС және FireBird AI KZ LTD компаниялары заманауи дата-орталық салу туралы келісімге қол қойды. Бұл жасанды интеллект технологиялары мен бұлтты қызметтерді жедел енгізу үшін есептеу қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Қазақтелеком», «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы және FireBird AI KZ LTD бірігіп, жасанды интеллект жүйелерінде қазақ тілін дамытуға және ілгерілетуге бағытталған арнайы жобаны қолға алды.

Өз кезегінде Alatau City Authority арнайы басқару ұйымы KASE, Huawei, Bybit, Binance және Қазақстан Даму банкімен бірқатар меморандум жасасты. Мақсат – Alatau City аумағында инновациялар мен цифрлық қаржы технологияларын дамыту.

Білім беру: «AI+X» моделі мен Web3

Жаңа технологиялар заманында кадр тапшылығын жою үшін бірден бес отандық ЖОО (Қостанай өңірлік университеті, Қыздар педагогикалық университеті, Қазақ жасанды интеллект зерттеу университеті, Солтүстік Қазақстан университеті және Шығыс Қазақстан техникалық университеті) консорциум құрды. Олар «AI+X» моделі бойынша кез келген салада жасанды интеллект құралдарын қолдана алатын әмбебап мамандарды даярлайды.

Осы бағыттағы басқа да маңызды қадамдар:

  • Astana IT University мен SOLANA SUPERTEAM KZ блокчейн, Web3 және Solana экожүйесі бойынша мамандар даярлап, хакатондар өткізуге уағдаласты;

  • Нархоз университеті мен CYBERPACK білім берудегі ғылыми-техникалық бастамалар мен талантты студенттерді қолдау туралы келісім жасасты.

Электронды үкімет және цифрлық медицина

Мемлекеттік басқару мен денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша да халықаралық әріптестік нығайды. Атап айтқанда, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (NITEC) Грузияның Цифрлық үкімет агенттігімен электронды үкіметті дамытуда тәжірибе алмасады. Ал QazInnovations Башқұртстанның ІТ қауымдастығымен инновациялық экожүйелерді бірлесіп дамытуға келісті.

Медицина саласында Medhub Health AI Quality (HAQ) ұйымы «NeuroGuard AI» компаниясымен және сарапшы Махмуд Әділмен цифрлық денсаулық сақтау саясатын дамыту, медициналық деректер алмасуды реттеу және клиникалық зерттеу орталықтарын құру бағытында маңызды құжаттарға қол қойды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button