Прокуратура Тимур Турловты сотқа берді

Ресей Бас прокурорының орынбасары қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов пен онымен байланысты бірқатар компанияға қатысты сотқа арыз түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Іс Мәскеудің Тверь аудандық сотында тіркелген. Бұл туралы РБК хабарлады.
Талап арызда Турловпен қатар «Фридом Холдинг Корп.», «Фридом финанс Европа Лтд.» және «В-Эмпирикал Холдинг Корп.» компаниялары жауапкер ретінде көрсетілген. Сондай-ақ іс бойынша Аркадий Щукиннің де аты аталады. РБК мәліметінше, бұған дейін Freedom-мен байланысты жобаларда оның аты аталған.
Әзірге Ресей Бас прокуратурасының нақты қандай талап қойғаны және істің мән-жайы толық жарияланған жоқ.
«Ресейде активтеріміз жоқ»: Холдингтің ресми ұстанымы
Аталған сот ісіне қатысты Freedom өкілдері ресми пікір білдіріп, қойылып отырған талап-арыздың негізі өздеріне түсініксіз екенін алға тартты. Компания санкциялық және құқықтық тәуекелдердің жоқ екенін кесіп айтты.
«Қазіргі уақытта холдингке талап-арыздың мәні мен оның негізділігі түсініксіз. Холдинг Ресей Федерациясының аумағында қызмет жүргізбейді және активтері жоқ. Сондықтан да қызметіміз үшін елеулі тәуекел көріп отырған жоқпыз», – делінген компания жауабында.



