Экономика

Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті 40 экономикасының қатарына енді

Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті экономикаларының халықаралық рейтингінде 38-орынға тұрақтап, ТМД елдері арасында бұл тізімге енген жалғыз мемлекет болды. Бұл туралы IMD World Competitiveness Center жариялаған жаһандық зерттеу қорытындысында айтылған.
Швейцарияның IMD World Competitiveness Center орталығының жыл сайынғы зерттеуі әлемнің 70 елінің экономикасын төрт негізгі бағыт бойынша бағалайды: экономикалық көрсеткіштер, үкіметтің тиімділігі, бизнестің тиімділігі және инфрақұрылым. Биылғы тізімде Қазақстан 65.4 ұпай жинап, 38-орынды иеленді.
Рейтинг шыңына Сингапур (100 ұпай), Гонконг (95.6 ұпай), Швейцария (95.3 ұпай), Тайвань (94.3 ұпай), БАӘ (94.1 ұпай), Дания (94.1 ұпай), Ирландия (94.1 ұпай), Нидерланды (90.1 ұпай), Швеция (88.5 ұпай) және АҚШ (86.8 ұпай) сияқты әлемнің 10 жетекші елі жайғасты.
Аталған жаһандық тізімде Қазақстан өз көрсеткіштерінің арқасында Испания, Португалия, Польша, Италия және Аргентина сияқты бірқатар мемлекеттерді басып озды.
Төрт негізгі бағыт бойынша елдің жеке профайлында мынадай көрсеткіштер тіркелген: үкіметтің тиімділігі (Government Efficiency) бойынша Қазақстан 63.0 ұпай жинап, 23-орынға ие болды. Бизнестің тиімділігі (Business Efficiency) бағытында ел 66.5 ұпай нәтижесімен 23-орынды еншіледі.
Сонымен қатар инфрақұрылым (Infrastructure) көрсеткіші 46.2 ұпайды құрады, бұл сала бойынша ел 43-орында тұр, ал экономикалық көрсеткіштер (Economic Performance) бағыты бойынша 43.5 ұпаймен 57-орынға бекінді.
Зерттеу аясында Қазақстанның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері де ұсынылған: ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) көлемі 306.2 миллиард долларды құрады, бұл көрсеткіш бойынша ел 44-орынды иеленді.
Сатып алу қабілетінің паритеті (СҚП) бойынша жан басына шаққандағы ІЖӨ 45,286.3 долларға жетіп, 43-орынды өзіне бекітті. Елдің нақты ІЖӨ өсімі 6.5% құрады, бұл көрсеткіш бойынша мемлекет 6-орынға жайғасты.
Бұл ретте халық саны 20.4 миллион адамды (32-орын), жұмыссыздық деңгейі — 4.6%-ды (31-орын), ал тұтыну бағаларының инфляциясы — 11.4%-ды (65-орын) құрады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button