Қазақстан статистикасы ЭЫДҰ халықаралық стандарттарына толықтай дерлік сәйкес келеді
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізілген тереңдетілген шолудың қорытынды есебін жариялады, – деп хабарлайды Tiek.kz.
ЭЫДҰ сарапшыларының бағалауына сәйкес, қарастырылған бағыттардың басым көпшілігінде Қазақстанның ресми статистикасы Ұйымның озық саясаты мен практикасына толықтай дерлік сәйкес келеді. Бағалау ресми статистиканың дәлдігі мен шынайылығы, үйлесімділігі, халықаралық стандарттарға сәйкестігі, деректердің қамтылуы мен өзектілігі, уақтылылығы, сондай-ақ қолжетімділігі және түсіндірілуі сияқты негізгі параметрлер бойынша жүргізілді.
Қазақстанның негізгі жетістіктері
ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның негізгі жетістіктерінің қатарында мыналарды ерекше атап өтті:
-
Цифрлық статистикалық тіркелімдерді дамыту және оларды мемлекеттік органдардың деректерімен интеграциялау.
-
Әкімшілік деректерді белсенді енгізу және олардың сапасын арттыру.
-
Статистикалық ақпаратты жинау және өңдеу процестерін цифрландыру.
-
Фискалдық чектер мен мобильді позициялау деректері түріндегі баламалы дереккөздерді қолдану.
-
Дәстүрлі зерттеулерден цифрлық дереккөздерден алынған деректерді пайдалануға көшу есебінен респонденттерге түсетін жүктемені азайту.
-
Халық санағын жүргізудің тіркелімдік моделіне дәйекті түрде көшу.
-
Халықаралық статистикалық жіктеуіштерге, тұжырымдамалар мен әдіснамаларға сәйкестіктің жоғары деңгейі.
Жаңа буын статистикасы және жасанды интеллект
Реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі – негізінен дәстүрлі зерттеулерге сүйенетін модельден әкімшілік, транзакциялық және өзге де баламалы деректерді интеграциялау негізінде қалыптастырылатын жаңа буын статистикасына көшу болып табылады. Жасанды интеллект пен автоматтандыру технологияларын дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Олар үлкен көлемдегі деректерді өңдеу, аномалияларды анықтау, жіктеу, болжау және статистикалық өндірістің тиімділігін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
«Қарастырылып отырған пәндік салалардың басым көпшілігінде Қазақстанның ресми статистикасы ЭЫДҰ-ның озық саясаты мен практикасына толықтай дерлік сәйкес келеді», – деп атап өтіледі қорытынды есепте.
Тереңдетілген шолу 2023-2025 жылдары ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының бастамасымен жүргізілді. Оның аясында ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанға үш рет жұмыс сапарымен келіп, ресми статистиканы қалыптастырудың негіздерін егжей-тегжейлі зерделеді. Сонымен қатар, Қазақстан 2025 жылы ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына қосылып, бұл құжатқа қосылған ТМД-дағы алғашқы ел болды.
Алдағы уақытта нені дамыту ұсынылды?
ЭЫДҰ сарапшылары қол жеткізілген прогреске жоғары баға берумен қатар, ұлттық статистикалық жүйені одан әрі жетілдірудің мынадай бағыттарын белгіледі:
-
Мемлекеттік сектордың берешегі статистикасын одан әрі дамыту.
-
Құрылымдық статистиканы және кәсіпорындардың демографиялық статистикасын жетілдіру.
-
Экологиялық-экономикалық есепке алуды дамыту.
-
Кәсіпорындардың сипаттамалары бойынша бөліністегі сауда статистикасын жақсарту.
Бұл ретте ЭЫДҰ аталған бағыттардың бірқатары бойынша Қазақстанның тиісті жұмыстарды жүргізіп жатқанын атап өтеді. ЭЫДҰ-ның қорытынды есебі Ұйымның ресми сайтында қолжетімді.



