Қазақ оқушылары Қытайдан үш жүлдемен оралды

Қазақстандық оқушылар Шанхайда өткен VEX Robotics халықаралық турнирінде үш жүлде иеленді.
24–27 тамыз аралығында Линган ауданында ұйымдастырылған додаға сегіз санат бойынша 150 команда, 1400-ден астам бала қатысты.
Қазақстандық командалар сынға түскен VIQRC орта буын санатында 46 команда бақ сынады. Жарыс қорытындысында Қайырбек Арнұр, Жолтай Бекназар және Күнтуған Ханзада өнер көрсеткен 1771A командасы III орынға ие болды.

Сондай-ақ команда Best Progress Award арнайы жүлдесін иеленді. Самыратов Тамерлан, Уваисов Жақсымбет және Қуат Алинұр өнер көрсеткен 1771T командасы да III орын алды.
Осылайша, қазақстандық жас робототехниктер Шанхайдағы халықаралық додада екі үшінші орын мен бір арнайы жүлдеге қол жеткізді.
Оқушыларды жарысқа робототехника жаттықтырушысы Нағашыбай Самыратов дайындады.



