
Түркістан облысының Ленгір қаласында әйелге қатыгездікпен шабуыл жасады деген күдікпен екі тұрғын ұсталды.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының кешенін жүргізіп, шабуыл жасады деген күдіктілердің жеке басын және олардың орналасқан жерін анықтаған.
«Нәтижесінде Төлеби ауданының екі тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», — деп хабарлады ведомство.
Тергеуге қатысты өзге мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.
Ббелгілі заңгер Айгүл Орынбектің айтуынша, олар үй иесін таңғы беске ұрып, қинаған.
«Ленгірде үйге кіріп, адамды таңғы беске дейін ұрған! Кеше түнгі сағат екі шамасында Ленгір қаласында болған жағдай — жай ғана қылмыс емес, бұл қоғам қауіпсіздігіне төнген дабыл! Айтылған ақпарат бойынша, бірнеше адам маска киіп келіп, азаматшаны байлап, таңғы сағат беске дейін ұрып-соққан. Адамды үйінің ішінде байлап алып, бірнеше сағат ұрған ұрыларды әлі таппаған деп отыр маған ақпарат беріп отырған адам. Ұрылар енді түн жамылып қана жүрмейді. Үйге ашық кіріп, адамның өміріне қауіп төндіретін деңгейге жетті, бұл — өте қауіпті белгі. Құрметті Ержан Саденов мырза, Түркістан облысының полициясына назар аударуыңызды сұраймын! 24/7 таразыдан өткен жүк көліктерін аңдымай, ұрыларды ұстасын! Халықтың қауіпсіздігі — есеп үшін жасалатын жұмыс емес. Әрбір қылмыс дер кезінде зерттеліп, әрбір күдікті заң алдында жауап беруі керек. Ленгірдегі бұл жағдай толық әрі ашық тексерілуі тиіс! Бүгін біреудің үйіне кірді. Ертең кімнің есігін қағады?», — деп жазған еді өзінің facebook парақшасында.



