Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Тамыз конференциясы өтіп жатыр

Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтіп жатыр.
Биылғы конференция «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналыпты.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 2019-2025 жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі үш еседен астам ұлғайды. Оның 65,9%-ы ұстаздарымыздың еңбекақы қорына жұмсалмақ.
Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білімге қолдау күшейіп келеді.
«Ең негізгісі — білімге салынған инвестициялардан бүгінде нақты нәтиже бар. Қазақстан халықаралық рейтингтерде адам капиталының дамуы, білім сапасы және бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінде позициямыз нығая түсті», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сала министрі білімге деген мемлекеттік көзқарас өзгергенін де атап өтті.
«Білім — ел болашағына салынған стратегиялық инвестицияға, ал мұғалімдеріміз — мемлекетіміздің адам капиталын қалыптастыратын негізгі тұлғаға айналды», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сондай-ақ министр биылғы оқу жылы еліміз үшін маңызды тарихи кезеңде басталғалы тұрғанын атап өтті. Айтуынша, кеше ғана күшіне енген жаңа Конституция білім, ғылым мен инновацияны дамытуға жол ашады. Президент қолдауымен жүзеге асырылған іргелі реформалардың арқасында білім саласында шешімін тапқан нақты әрі кешенді нәтижелер еліміздегі адам капиталының дамуына мүмкіндік беріп отыр.
«Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға арналған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылды, білім сапасы артып келеді, педагогтерды қолдау және инклюзияны дамыту жұмыстары жалғасуда. TALIS халықаралық зерттеуінің қорытындыларына сәйкес педагогикалық контингент бүгінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Сондықтан да ең алдымен, білім саласына көрсетіп келе жатқан қолдауыңыз үшін, ұстаздарымыз бен оқушыларымызға деген зор қамқорлығыңыз үшін, ұстаздар қауымдастығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – деді Оқу-ағарту министрі.
Министрдің есебінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.
Тоқаев өз сөзін ұстаздарға алғыс айтудан бастады. Айтуынша, ұстаздық тәрбие – өркениетті қоғамға тән қасиет.
«Біз алдымен мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Жалпы елімізде білім сапасын арттыру үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді», — деді президент.
Халық санының артуына байланысты, мектептер саны да көбейіп отыр. Бұл ұстаздарға деген сұранысты арттырады. Осыған байланысты министрлік тарапынан тың идеялар ұсынуға тиіс. Тың идеялар, реформалар керек. Бірақ реформалар негізсіз жүргізілмеуі керек. Мұндай реформалар ұстаздарды шаршатып, білім саласын жүйесіздікке әкеледі», — деді президент.
Конференция аясында білім беру саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуге арналған «Білім болашағы» атты ауқымды көрме өтеді.
Қатысушыларға цифрлық құралдар, интерактивті платформалар, әдістемелік әзірлемелер мен оқу процесін икемді әрі тиімді ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін көрсететін технологиялар таныстырылды.


