«Ату жазасын кесу керек» — Мәжіліс депутаттары бала зорлығы туралы пікір білдірді (ВИДЕО)

Түркістан облысында 71 жастағы қарияның жасөспірім қызды жүкті қылып тастауы қоғамды дүр сілкіндірді. Оқиғаға байланысты Мәжіліс депутаттары өз пікірін білдіріп, кейбірі аса қатаң жаза енгізуді ұсынды.


Нұргүл Тау: «АҚШ-та ата-ана жауапкершілігі өте қатал»

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау ең алдымен баланың құқығын қорғау мәселесін ата-ананың жауапкершілігімен байланыстыра қарау керек деп есептейді.

«Кәмелетке толмаған баланың құқығын қорғау керек қой. Кәмелетке әлі толмады ғой. Құқықтарын өздері қорғай алмайды ғой. Жазаны қатайту керек деп ойлаймын. Ондай кісілерді аямауымыз керек! Қалай қыз балаға кәрі кісі?! Ақыл-есі бар кісі ме?! Әлде ауру кісі ме? Ауру кісі болса полиция оны бақылауға алу керек қой.
Қазір кастрация жасайды ғой. Тиімді болса қазір жоқ болып кететін еді ғой. Тиімді болмай тұр ғой ол. Одан да қаталын ұсыну керек.
Бірінші “баланың ата-анасы қайда?” деген сұрақ туады. Баланы неге кәрі кісінің қасына жалғыз жіберді? Бала 18-ге толғанға дейін ата-ана жауапты ғой. Осы жағынан да жұмыстар жүргізілу керек деп ойлаймын.
Америка Құрама Штаттарында практика өтіп едім. Сол кезде таң қалғанмын. Ол жақта өте қатты жауапкершілік бекітілген», — деді Нұргүл Тау.

Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайлар тек жәбірлеушінің жазасымен емес, ата-ананың да заң алдындағы жауапкершілігін нақтылаумен шешіледі.


Ерлан Саиров: «Бала зорлағандарға ату жазасын беру керек»

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мұндай қылмыстарға қатысты ең ауыр жаза қолдану қажет деп есептейді.

«Менің ойымша жас балаларды жәбірлеген ересектерге ату жазасын беру керек. Өздеріңізге белгілі, қанша жыл болды, белгілі бір қатаңдату шаралары болып жатыр. Бірақ ешқандай нәтиже беріп жатқан жоқ. Сондықтан жас балаларға зорлық-зомбылық жасайтын, жас балаларды жәбірлеген азаматтарға міндетті түрде сондай ауыр жаза қолданылуы керек», — деді Саиров.

Ол өлім жазасының Қазақстанда ресми түрде алынып тасталғанын еске салған журналистке:

«Консультация жасау керек, диалог жасау керек, ақылдасу керек. Көріп жатсыз, қанша шара жасап жатқанмен шешіліп жатқан жоқ, керісінше өршігіп бара жатыр», — деп жауап берді.

Саировтың айтуынша, қоғамдағы моральдық шекара бұзылып бара жатыр, сондықтан заң жазасы да моральмен бірге қаталдануы тиіс.


Данияр Қасқарауов: «Бұл — сау адамның ісі емес»

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов мұндай қылмыстардың артында психологиялық ауытқуы бар адамдар тұрғанын атап өтті.

«Жаза күшеюін күшейіп тұр. Бұл жерде мәселе адамда. Дені сау емес шығар деп ойлаймын. Өйткені көбісі психологиялық ауытқуы бар. Жалпы қоғамда сондай аурудың түрлері бар деп ойлаймын. Сау адамның ісі емес екені түсінікті ғой. Емдеуге де келмейді. Қандай жазаға кессең де түзеледі деп ойламаймын. Мұндай адамдарды алдын ала білсе, жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Қылмысқа жеткізбей», — деді ол.

Қасқарауовтың сөзінше, мұндай әрекеттерді қоғам болып байқап, алдын алу — барша азаматтың борышы:

«Қоғам болып әркім өзінің көршісі болсын, өзінің жұмыс орны болсын, сондайды байқаған бетте ескертулер жасап, құқық қорғау органдарына хабарлап, алдын алуға әрекет ету керек.»


Балаларға қарсы зорлық — Қазақстандағы ең ауыр әлеуметтік дағдарыстардың бірі

Ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы жылдары елде жасөспірімдерге қарсы сексуалдық сипаттағы қылмыстар жиілеп барады. ҚР ІІМ дерегі бойынша, жыл сайын жүздеген іс тіркеледі, бірақ олардың басым бөлігі жасырын қалады — ата-аналар мен жәбірленушілер көп жағдайда арыздануға қорқады.

БҰҰ мен UNICEF зерттеулері Қазақстанда жасөспірімдердің 7–10%-ы өмірінде кемінде бір рет жыныстық сипаттағы қысымға ұшырағанын көрсетеді. Әлем бойынша бұл көрсеткіш — 18 жасқа дейінгі әрбір оныншы бала.

2021 жылы Қазақстан өлім жазасын ресми түрде алып тастады. Сондықтан Саировтың ұсынысы заңдық тұрғыдан орындалуы үшін Конституция мен халықаралық келісімдерді қайта қарау қажет болады.


Қоғамдық пікір

Бұл мәселе тек заң немесе жаза туралы емес. Бұл — адамдық сана мен қоғамның денсаулығы туралы.
Бір депутат жаза қатайсын дейді, екіншісі — ата-ана жауапты болсын дейді, үшіншісі — ауруды алдын алу керек дейді. Ал шындығында, осының бәрі бірге іске аспайынша, бірде-бір бала қауіпсіз болмайды.


Tiek.kz анықтамасы:

  • БҰҰ мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын шамамен 1,5 миллионнан астам бала зорлықтың құрбанынаайналады.
  • 2021 жылы Қазақстан БҰҰ-ның «Өлім жазасын жою туралы екінші хаттамасын» ратификациялаған.
Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―