Қазақстандық журналист Берік Хасенов фейсбук парақшасында еліміздегі жол құрылысына қатысты өткір пікір білдірді. Оның айтуынша, елімізде автожол саласына арналған қоспалардың басым бөлігі шетелден әкелініп, бұл жолдың өзіндік құнын бірнеше есе қымбаттатып отыр.
«Қара жолдың құнын қымбаттандыратын ол – түрлі қоспалар. Гәптің бәрі сол сұйықтықта. Соның кесірінен 1 км жолдың құны тұп-тура Астананың қақ ортасындағы пәтерден де қымбат», — дейді журналист.

Берік Хасеновтің мәліметінше, соңғы он жылдан астам уақыт бойы UneeDas Group компаниясы АҚШ, Германия, Австрия және Австралиядан битум мен асфальтқа арналған қоспаларды импорттап келеді. Осы уақыт аралығында компания миллиардтаған пайда тапқанымен, Қазақстан аумағында бірде-бір өндіріс орнын ашпаған.
«Өзімізде отандық бірде-бір өндіріс жоқ па? Бірден айтайын — бар. Бағасы да қолжетімді, сапасы тіпті асып түседі», — деп жазды Хасенов.
«Осы уақыт ішінде, өзге елден тек тасымалдап, миллиардтар тауып жүрген компания — Қазақстанда бірде-бір локализацияға (өндіріс орнын) бір тиын инвестиция бөлмеген. Барлығы шетелден тасымалданады, нарықтағы ең жоғары бағамен сатылады», — дейді ол.

Журналисттің айтуынша, Көлік министрлігі жыл сайын отандық материалдарға басымдық беру туралы бұйрық шығарып отырса да, Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» бұл талаптарды елемей, шетелдік өнімдерді сатып алуды жалғастырып келеді.
«Бүгінде отандық ғалымдар, оның ішінде жас ғалымдар өздерінің арзан және біздің климатқа бейімделген қоспаларын әзірледі. Бірақ, жолға жауапты компанияға “Біздікі-өзінікі” өндірісті отандық өнім тиімді болмай тұрған сияқты», — деп жазды автор.
Материал соңында Берік Хасенов қоғамды отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсетуге және шетелден тәуелділікті азайтуға шақырды:
«Ойлаңызшы, қаншама ақшамыз шетелге тура кетіп жатыр… Біздің ауа-райына мүлде келмейтін қоспаларды қашанға дейін ала береміз?» — дейді ол.
Tiek.kz анықтамасы:
Жол құрылысына арналған қоспалар (битум модификаторлары, полимерлер және эмульсиялар) жолдың беріктігі мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ететін негізгі элементтердің бірі. Егер бұл өнімдер импортқа тәуелді болса, мемлекеттің инфрақұрылымдық шығындары бірнеше есе артады.