Қазақстанның бірнеше өңірінде инфрақұрылым жаңғыртылады

Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы («ҚТК», «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға қаржы бөле бастады. Бұл ұлттық жоба аясындағы алғашқы қадам болып отыр.

Компания Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің облигацияларын сатып алып, жалпы сомасы 22,5 млрд теңгеге тең қаржыландыру жүргізді. Қаражат жылу, су, электрмен жабдықтау және су тазарту нысандарын қайта құруға бағытталмақ.

Қайда және не істеледі?

  • Павлодарда жаңа жылу магистралінің құрылысына 9,7 млрд теңге бөлінді. Жоба жүзеге асса, қаладағы тозу деңгейі 92%-дан 77%-ға төмендеп, 124 мыңнан астам тұрғын сапалы жылумен қамтылады.
  • Қарағанды облысында су тазарту кешенінің құрылыстары жаңартылады. Нәтижесінде 695 мыңға жуық адам санитарлық талаптарға сай ауыз суға қол жеткізеді.
  • Теміртауда екі жылу желісі қайта құрылады. Бұл 46 мыңға жуық абонентті қамтиды.
  • Оралда жылу магистральдерінің ескі құбырлары ауыстырылып, 30 мыңнан астам тұрғын үшін жағдай жақсарады.
  • Батыс Қазақстан облысында 400 шақырымға жуық электр желілері жаңартылмақ. Бұл желілердің апатты жағдайда жиі істен шығуын азайтуға бағытталған.
  • Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша ауданындағы ескі жылу трассасы қайта жасалып, қосымша әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуға мүмкіндік туады.

Ұлттық жобаның мақсаты

Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба Президент тапсырмасымен қабылданған. Жоспар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылмақ.

Негізгі міндет – тозығы жеткен инфрақұрылымды азайтып, коммуналдық қызметтердің сапасын көтеру.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―