Заң үстемдігіСаясат
Тренд

«Қандастарға кедергі болмауы керек»: Депутат пилоттық жобаның шикі тұстарын ашып көрсетті

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкіметке үндеу жолдап, қандастардың елге оралуын қиындататын жаңа пилоттық жобаның шикі тұстарын ашып көрсетті, деп хабарлайды tiek.kz.

2026 жылдың басында ҚР Әлеуметтік қорғау, Ішкі істер және Цифрлық даму министрліктері бірлескен бұйрық шығарып, елге келетін ағайынға қойылатын талаптарды күшейткен болатын. Алайда, халық қалаулысы бұл өзгерістердің «қандастарды қолдау» емес, «кедергі жасау» сипаты басым екенін айтады.

Депутаттың айтуынша, жаңа ереже бойынша Қазақстанға көшіп келуді жоспарлаған қандастар мынадай міндеттерді орындауы тиіс:

  1. Kaztest жүйесі арқылы қазақ тілінен емтихан тапсыру;
  2. Өз елінен сотталмағандығы туралы анықтама ұсыну;
  3. Елге келген соң басқа мемлекетке кетіп қалмайтыны туралы кепілдік беру.

Сырттай қарағанда заңды көрінген бұл талаптардың артында үлкен әлеуметтік және техникалық мәселелер тұр.

Төте жазу мен кириллица қайшылығы

Ерлан Саировтың пікірінше, тілдік емтихан талабы шетелдегі қазақтардың нақты жағдайын ескермеген.

«Шетелдегі ағайынның көбі — қазақ тілінің нағыз жанашырлары, ауызекі тілді жақсы меңгерген. Бірақ олар төте жазуды қолданады. Ал Kaztest кирилл қарпіне негізделген. Олардан кириллицамен жоғары деңгейдегі грамматиканы талап ету — олардың алдына алынбайтын қамал қоюмен тең», — дейді депутат.

Сонымен қатар, депутат қызық дерек келтірді: қандастардан талап етілетін тіл білу деңгейі ел ішіндегі мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын межеден де жоғары болып шыққан. Бұған қоса, әр емтихан үшін алынатын 9 мың теңге көлеміндегі төлемнің негіздемесі де түсініксіз.

Құжат жинаудың машақаты

Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда кейбір мемлекеттерден сотталмағандығы туралы немесе басқа да ресми қағаздарды алу — мұңға айналған. Депутат бұл талаптар тарихи Отанына бет алған қазақтардың сағын сындырып, көштің тежелуіне әкеп соғатынын ескертті.

Үкіметке жолданған сауал

Ерлан Саиров қандастар мәселесі мемлекеттің демографиялық және стратегиялық басымдығы болуы тиіс екенін атап өтті. Ол Қазақстан Үкіметіне ресми хат жолдап, келесі мәселелерді қайта қарауды талап етті:

  • Тілдік тест талаптарын жеңілдету немесе бейімдеу кезеңіне қалдыру;
  • Құжат өткізу кезіндегі бюрократиялық кедергілерді жою;
  • Қандастардың елге еш кедергісіз келуіне жағдай жасау.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button