Әлем
Тренд

«Біртұтас қытай ұлты»: Си Цзиньпин аз ұлттарды жою саясатын заңдастыруға көшті

Қытай билігі Шыңжаң мен Тибеттегі ұлттық азшылықтарға қатысты бақылауды күшейту мақсатында «этникалық бірлік пен прогресті ілгерілету туралы» жаңа заң жобасын талқыға салды.

Бұл заң жобасы Қытайдағы 56 ұлттың арасындағы бірлікті нығайту және «біртұтас қытай ұлты» идеясын заң жүзінде бекітуге бағытталған, деп хабарлайды tiek.kz.

Би-би-си-дің хабарлауынша, заң жобасы алдағы наурыз айында Қытайдың Жоғарғы халық жиналысы сессиясының үшінші оқылымында қаралып, қабылдануы күтілуде.

Заң жобасының негізгі мақсаты – Си Цзиньпиннің этникалық саясаттағы жаңа бағытын заңды түрде бекіту. Ол азшылық ұлттардың мәдениеті мен тілін хань (қытай) мәдениетіне бағындыруды, яғни ассимиляцияны күшейтеді.

Заң жобасында мынадай негізгі ережелер бар:

Қытай тілінің басымдығын арттыру, басқа тілдердің мәртебесін төмендету;

Хань халқы мен азшылық ұлттар арасындағы некені ынталандыру және бұған дейінгі шектеуге тыйым салу;

Ата-аналарды балаларын Қытай Коммунистік партиясына сүйіспеншілікке тәрбиелеуге міндеттеу;

«Этникалық бірлікке» нұқсан келтіретін кез келген әрекеттерді кең ауқымда қылмыстық жауапкершілікке тарту;

Дінді «қытайландыру» (sinicization) – діни тәжірибелер ҚКП-ның құндылықтары мен қытай мәдениетіне сәйкес болуы тиіс.

Қытай үкіметі бұл заңды «модернизация арқылы бірлікті арттыру» және барлық ұлттардың ортақ дамуы үшін қажет деп түсіндіреді. Ресми өкілдер заңның азшылық аймақтарды елдің жалпы дамуына интеграциялайтынын, ұлттық бірлікті нығайтатынын айтады.

Дегенмен, халықаралық сарапшылар мен адам құқығы ұйымдары заң жобасын сынап отыр. Олардың пікірінше, бұл құжат азшылық ұлттардың тілін, мәдениетін, діни еркіндігін одан әрі шектеуге және мәжбүрлі ассимиляцияға заңды негіз береді. Қытайда мұндай ереже бұрыннан бар. Яғни бұл – бұрынғы саясатты заң деңгейіне көтеру, Си Цзиньпиннің «қытай ұлтының ортақ санасын» күштеп енгізу әрекеті.

Мәселен, Human Rights Watch ұйымы аталмыш заңның  идеологиялық бақылауды күшейтіп, азшылық тілдерін жоюға жол ашатынын айтып отыр.

Қытайда 55 ресми танылған азшылық ұлт бар, олардың көбі шекаралық стратегиялық маңызы бар аймақтарда (Шыңжаң, Тибет, Ішкі Моңғолия) тұрады. Бұл аймақтар ресурстарға бай, сауда жолдары үшін маңызды. Үкімет хань халқын көшіру, аралас некелерді ынталандыру арқылы демографияны өзгертуді жалғастыруда.

Бұл заң жобасы Қытайдың этникалық саясатын «біртұтас қытай ұлты» идеологиясына толық көшірудің келесі қадамы болып отыр. Үкімет оны бірлік пен даму үшін қажет десе, сыншылар азшылықтардың құқығы мен мәдени ерекшелігін жоюдың құралы ретінде бағалайды.

Заң қабылданған соң, Шыңжаң бен Тибеттегі жағдай одан әрі қатаңдай түсуі мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button