Иран Түркияға тағы да баллистикалық зымыран жіберді
Ракетаның сынықтары Сириямен шекараға жақын Газиантеп қаласындағы бос далаға құлаған.

НАТО Түркия аспанында Иран жақтан жіберілген тағы бір баллистикалық зымыранды атып түсіргендерін мәлімдеді. Бұл – АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл бастағалы Түркияға бағыттталған екінші ракета, деп хабарлайды tiek.kz.
«НАТО тағы да Түркия әуесіне кірген баллистикалық ракетаны атып түсірді. НАТО өзінің мүшелерін кез келген қауіптен қорғауға дайын», — делінген альянс 9 наурыздағы мәлімдемесінде.
Түркия қорғаныс министрлігі да оқиғаны растап, ракетаның сынықтары Сириямен шекараға жақын Газиантеп қаласындағы бос далаға құлағанын мәлімдеді. Қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ.
Осыдан алты бұрын НАТО Ираннан Түркияға ұшқан ракетаны құлатқан еді. Ол жолы Иран «Түркияны әдейілеп атпағанын» айтқан. 9 наурыздағы жағдайға қатысты Тегеран әзірге мәлімдеме жасамады.
Журналист әрі әскери сарапшы Амангелді Құрметұлының айтуынша, бұл соғыс жалпы Түркі дүниесі үшін оңай болмайтынын айтады.
«Иранның зымыраны тағы да Түркияның әуе кеңістігіне кірді және NATO күштері оны құлатты. Қалдығы Газиантеп маңына құлапты. Кейбір мамандар зымыранды Жерорта теңізіндегі АҚШ кемелерінің бірі атып түсірді деп болжайды. Қалай болғанда да батыс әскерилері құлатты. Бірақ мәселе зымыранның құлағанында емес, Түркия бағытына қарай атылуында болып тұр. Түріктер арасында бірнеше болжам талқыланып жатыр. Біріншісі, «Тегерандағы саяси биліктің ИРСК командирлеріне сөзі өтпейді, фанатик офицерлер қалаған жағына қарай зымыран атады» деген уәж. Екіншісі, «саяси билік бәрін біледі, Түркия жеріндегі NATO радарларын қолданбауға мәжбүрлеуді көздейді. Мысалы, Күрежіктегі РЛС ті уақытша сөндіруге мәжбүр етуді қалайды» дейтін нұсқа. Үшінші нұсқа ретінде парсылардың «біз атпадық, бұл — арандату, Израилдің ісі» деген уәжі қарастырылады. Яғни АҚШ соғысқа Түркияның да араласуын көздейді-мыс. Сөйтіп Иранға солтүстіктен майдан ашуды қалайды-мыс. Төртінші, «Кипр жақты көздеп атылған зымыран Түркия аспанына енген» дейтін уәж. Жалпы алғанда кез келген нұсқаны қарастыруға болады. Бірақ қай нұсқа шындық екенін дөп басып айту қиын. Өйткені кез келген нұсқаның шындық болуы мүмкін. Оны анықтау түрік барлаушыларының міндеті. Дипломаттардың, саясаткерлердің мәлімдемелерінен шындықты білу қиын. Сондықтан соңғы сөз агентурада қалады. Бір қызығы, түріктер мен парсылар соңғы рет 1821-23 жылдары соғысыпты. Ресми түрде. Осман империясы мен Иранды түркі тектес қажарлар билеген кездегі соғыс. Одан кейін парсылар түріктермен қырқыспаған. Тіпті ХХ ғасырдың басында күллі Таяу Шығыс Осман империясына қарсы әрекетке көшкенде де Иран тыныш болған. Тек парсы жерінде Осман және Ресей империясының әскерлері майдандасқан. Сонымен тәмам. Енді арадан 200 жыл өткенде қос көршінің ұстасып қалу қаупі төніп тұр.
Айтпақшы, Иран дрондарының шабуылына ұшыраған Әзербайжан Тегеранмен өзара келіскен сыңайлы. Баку екі елдің арасындағы шекараны ашып, жүк көліктерінің кіріп-шығуына рұқсат етті. Илхам Әлиев «жаңа» Хаменейге аятолла болып сайланғанына байланысты құттықтау жолдады. Мұны дипломатиядағы ілтипат дәстүрі деп бағалауға да болатын шығар. Бірақ парсылардың зымырандары мен дрондары көршілеріне қарай ұша берсе дипломатия да тілін тістейді-ау. Түркі дүниесі үшін оңай болмайтын бір кезеңде тұрмыз негізі», — дейді журналист.



