
Бұған дейін әлеуметтік желі бетінде ақын әрі қоғам белсендісі Танакөз Толқынқызының қазақ қоғамы туралы жазбасы шу болып жатқанын айтқан едік.
Ақын өзінің жазбасында кешегі өр қазақтың ез қазаққа айналғанына реніш білдірген. Қазақ бүгінде принципі жоқ надан ұлтқа айналған.
Журналист Ерқанат Көпжасарұлы видео жариялап, қоғам белсендісі әрі ақын Танакөз Толқынқызының пікіріне келіспейтінін айтты.
Оның сөзінше, Танакөз Толқынқызының Facebook желісінде жазған жазбасын оқығаннан кейін қатты ашуланған.
«Танакөз Толқынқызының фейсбуктағы жазбасын оқып, телефонды қабырғаға лақтырып жібердім. Ашуландым. Себебі мен де адаммын. Адам болған соң әртүрлі мінез болады. Ұлт болған соң ұлттың ішінде де әртүрлі мінез бар. Сіз айтып отырған жағымпаздық, намыссыздық, жалған патриотизм, мұндай мінездер барлық ұлтта кездеседі. Бірақ бүтін бір халыққа тіл тигізетін сіз кімсіз, Танакөз ханым? Сізге мұндай құқықты кім берді?» – деді ол.
Сондай-ақ журналист мұндай пікірлер басқа елдердің Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуылына да себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды, сапасыз ұлтқа айналды деген сөздер – елімізді жамандап отырғандарға дайын аргумент берумен тең. Қазір кейбір адамдар үшін елге, тілге, дінге тіл тигізу ермекке айналып бара жатқандай. Бұл өте қауіпті үрдіс», – деп жазған Ерқанат Көпжасарұлы.



