Өскемендегі сарбаз өлімінен кейін Қорғаныс министрлігі шұғыл шаралар қабылдады
25 қаңтарда Өскемен қаласындағы әскери бөлімде мерзімді қызметтегі сарбаздың қаза табуынан кейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады
Ведомство марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, Қарулы Күштер басшылығы бұл жағдайдың аса ауыр екенін толық түсінетінін мәлімдеді.
— Жыл басынан бері Қарулы Күштер қатарында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына шынайы көңіл айтады, — делінген ресми хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басым міндеттердің бірі. Осыған байланысты Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасымен қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған бірқатар шұғыл шара қабылданған.
Қандай шаралар күшейтілді?
Бірінші.
Тәрбие жұмысы мен әскери тәртіпке бақылау күшейтілді. Қару қолдану, оқу-жаттығулар өткізу, атыс пен қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде қауіпсіздік талаптары қатаңдатылды.
Екінші.
Әскери бөлімдерге арнайы комиссиялар жіберіліп, жеке құрам толық психологиялық тексеруден өтуде. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйі мен қызметке дайындығы қайта бағалануда.
Үшінші.
Командирлер мен сержанттардың жеке жауапкершілігі арттырылды. Негізгі назар жазатайым оқиғалардың алдын алу мен қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Төртінші.
Әскери полиция күшімен бөлімдерде кешенді тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, соның ішінде бейнебақылау жүйелері және қызметтен тыс уақыттағы бақылау күшейтілді.
Бесінші.
Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған қосымша профилактикалық шаралар қабылданды.
Алтыншы.
Әскери қызметшілердің ата-аналарымен және туыстарымен тұрақты бейнебайланыс жолға қойылды. Бөлімше командирлері ресми арналар арқылы ата-аналармен тұрақты байланыс орнатады.
Бірқатар лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды
Қорғаныс министрлігі барлық тіркелген оқиғалар бойынша нақты кадрлық шешімдер қабылданғанын хабарлады.
Атап айтқанда:
-
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы;
-
штаб бастығы;
-
тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары
тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ал сарбаз қаза тапқан әскери бөлімнің:
-
командирі;
-
оның орынбасары;
-
батальон командирі
атқарып отырған қызметтерінен босатылды.
Министрлік қабылданып жатқан барлық шаралар ең алдымен әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында да мерзімді әскери қызметтегі сарбаздың қаза тапқаны хабарланған болатын.



