Қоғам
Тренд

Альфа мен зумер буынға алаңдаушылық: жастарды қорғау тетіктері ұсынылды

Қызылорда қаласында өтіп жатқан V Ұлттық құрылтай барысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв жасанды интеллекттің дамуы және жастардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды.

Депутаттың айтуынша, қазіргі кезеңде басты назар тек технологиялық ілгерілеуге емес, оны пайдалану мәдениетіне — яғни цифрлық гигиенаға аударылуы тиіс.

«Жасанды интеллект дәуірінде технологияның өзі емес, оны қолдану мәдениеті маңызды. Қазақстан бұл бағытта алдыңғы қатарда болуы керек», — деді ол.

Сергей Пономарёв Қазақстанда жасанды интеллект туралы және цифрлық кодификация жөніндегі заңдардың қабылданғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл заңдар елімізді Еуропалық Одақтан кейін аталған салада құқықтық база қалыптастырған әлемдегі екінші мемлекетке айналдырды.

Депутат әсіресе жас ұрпақтың ақпаратты қабылдауына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Z және альфа буыны арасында тірі қарым-қатынастың азаюы, жалған ақпаратқа сын көзбен қарамау және эмоциямен жылдам әрекет ету үрдісі күшейіп келеді.

«Әлеуметтік желілер жастардың ойлау жүйесіне тікелей әсер ететін қуатты құралға айналды. Ақпаратты тексермей қабылдау әдетке айналып барады», — деді ол.

Осыған байланысты Сергей Пономарёв бұл мәселені ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарастыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, сөз тек технология жайлы емес, болашақ ұрпақтың дүниетанымы мен санасына әсер ететін идеологиялық факторлар туралы болып отыр.

Депутат жастарды қорғау бағытында жүйелі талдау жүргізу үшін Жасанды интеллект министрлігін тартуды ұсынды. Бұл жұмыс балалар мен жасөспірімдерді деструктивті ақпараттан қорғау, цифрлық платформалардың жауапкершілігін арттыру және қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыруды қамтуы тиіс.

Сонымен қатар ол халықаралық тәжірибеге назар аударып, бірқатар елдерде әлеуметтік желілерге қолжетімділік 14 жасқа дейін, кей мемлекеттерде 16 жасқа дейін шектелгенін атап өтті.

«Бұл шектеулер тыйым салу үшін емес, балалардың ойлау қабілетін, талдау мәдениетін және тірі диалогты сақтау үшін енгізіліп отыр», — деді депутат.

Ұлттық құрылтай аясында көтерілген бұл бастама цифрлық дәуір жағдайында жастарды қорғау мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетті.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button