ҚоғамСаясат
Тренд

Қазақстан Қарулы күштері FPV-дрон операторларын даярлауға кірісті

Қазақстан Қорғаныс министрлігіне қарасты Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) мамандарын даярлайтын жаңа әскери мектеп жұмысын бастады

Жаңа оқу бағдарламасы аясында институтты биыл тәмамдағалы отырған 300-ден астам курсант FPV-дрондарды басқаруды меңгеруге кірісті.

Әскери мектептің негізгі мақсаты – қазіргі заманғы соғыс қимылдарының сипатын түбегейлі өзгерткен ұшқышсыз авиацияны кәсіби деңгейде меңгерген офицерлерді даярлау.

Енді курсанттар тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен:

  • ұшқышсыз ұшу аппараттарының құрылысын;

  • техникалық сипаттамаларын;

  • пайдалану ережелерін;

  • техникалық қызмет көрсету тәртібін;

  • қауіпсіздік шараларын;

  • әртүрлі тактикалық жағдайда қолдану ерекшеліктерін

тереңдетіп оқитын болады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери мектептің бастығы, подполковник Данияр Ділдабаевтың айтуынша, жаңа бағдарлама курсанттардың практикалық дайындығын күшейтуге бағытталған.

«Қазіргі заман технологияларын меңгеру арқылы болашақ офицерлер көптеген салада кеңінен қолданылатын ұшу аппараттарымен нақты тәжірибе жүзінде жұмыс істеуге дағдыланады», – деді ол.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Оқу процесінде компьютерлік симуляторлар да кеңінен пайдаланылады. Бұл курсанттарға ұшу тапсырмаларын орындауды, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттерді техника мен жеке құрамға қауіп төндірмей пысықтауға мүмкіндік береді.

Практикалық сабақтар барысында курсанттар:

  • нақты жер бедерінде ұшу;

  • кедергілер арасынан маневр жасау;

  • барлау және бақылау жүргізу;

  • түрлі оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау

дағдыларын меңгереді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Оқу орны аумағында FPV-дрондарға арналған арнайы дрон-трасса салынған. Алдағы уақытта курсанттар арасында дрон жарыстарын өткізу жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, мектеп нұсқаушылары ұшқышсыз аппараттарды шағын FPV-дрондардан бастап орташа өлшемді «камикадзе» дрондарға дейін өз қолдарымен жинайды. Бұл тәжірибе алдағы кезеңде курсанттарға да үйретілмек.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазіргі таңда 300-ден астам бітіруші курсант ҰҰА бойынша факультативтік оқудан өтіп жатыр. Ал келесі оқу жылынан бастап дрондарды меңгеруге ниет білдірген барлық курсанттар үшін пән қолжетімді болады.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ұшқышсыз авиациялық жүйе мамандарын даярлау Қарулы күштерді заманауи технологияларды ел қауіпсіздігі мен қорғаныс мүддесіне тиімді қолдана алатын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button