Экономика

Қазақстан делегациясы Кабулда өткен үш күндік сауда форумында 25 келісімге қол жеткізіп қайтты

Өткен жексенбі күні Кабулда өткен үш күндік сауда форумында Қазақстан мен Ауғанстанның компаниялары өзара 25 келісімге қол жеткізіп қайтты, деп хабарлайды tiek.kz.

Екі ел арасындағы сауда мен инвестицияны күшейту үшін жасалып отырған бұл келісімдер қос тараптың сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге бағытталған кезекті қадам болып отырғанын атап өту керек.

Қол жеткізілген келісімдер негізінен гуманитарлық көмек, аймақтық ықпалдастық, медицина, білім беру және цифрландыруға қатысты болып отыр.

Ресми кездесу барысында қазақстандық делегация Ауғанстан Премьер-министрінің орынбасары молла Абдул Ғани Барадармен келіссөздер жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ-ауған қатынастарын дамытуға және Ауғанстанды аймақтық процестерге белсенді тартуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-ауған қарым-қатынастарын дамытуға және Ауғанстанды өңірлік процестерге белсенді тартуға ерекше мән береді. Оның тапсырмасымен Қазақстан тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Ауған тарапының өтінішіне орай, Қазақстан Президентінің тапсырмасымен біз табиғи апаттардан зардап шеккен аймақтарға жаңа гуманитарлық көмек партиясын ала келдік. Бұл топтама дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды, азық-түлік пен өзге де бірінші кезекте қажетті заттарды қамтитын 8 вагоннан тұрады. Мемлекет басшысының бастамасымен Алматы қаласында халықаралық және өңірлік өзара іс-қимылды үйлестіру платформасына айналуы тиіс «Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы» құрылды. Осыған байланысты, 17 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті аталған БҰҰ Орталығын құру туралы Заңға қол қойды, бұл бастамаға толыққанды құқықтық және институционалдық мәртебе береді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Ресми сапар барысында Кабулда екінші рет «Қазақстан медицинасының күндері» ұйымдастырылды. Елдің жетекші мамандары (педиатрлар, гастроэнтерологтар, хирургтар, травматологтар және т.б.) ауған халқына консультациялық және практикалық көмек көрсетіп, жергілікті әріптестерімен тәжірибе бөлісті.

Сонымен қатар, медициналық технологиялар саласында ірі серіктестік орнап, Қазақстандық «BARK Technology» компаниясы әзірлеген, өкпені діріл-акустикалық терапиямен емдеуге арналған бірегей «BARK VibroLUNG» аппараты ауған тарапына сыйға тартылды.

«Konsung Technology» ЖШС Ауғанстанға денсаулық сақтау саласын диагностикалау жүйелерін жеткізу бойынша 45 миллион АҚШ долларына тең келісімшартқа отырды. Келісім аясында елге 4,5 мың кешен жеткізіледі. Оның ішінде отандық мамандар жасаған  «HES-7» жүйесі бар. Бұл мобильді кешен шалғай аудандарда бір құрылғының көмегімен ЭКГ, функционалдық және зертханалық экспрес-анализдер жүргізуге мүмкіндік береді. Ол жүрек-қан тамырлары, бауыр, бүйрек, өкпе ауруларын және қант диабетін анықтай алады.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан ауғандық студенттерді өз жоғары оқу орындарында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту ісін жалғастыратын болды. Таяу күндері Кабул университетінің базасында арнайы орталық құру туралы келісімге қол қойылады. .

Сонымен қатар, кездесуде есірткіге қарсы күрес аясында құқық қорғау саласында да байланыс нығайып келе жатқаны айтылды. «Құқық қорғау саласындағы ынтымақтастыққа келсек, өткен аптада Астанада өткен кездесуде Ауғанстан Ішкі істер министрінің есірткіге қарсы күрес жөніндегі орынбасары Х. Асадулла мырза есірткіге қарсы бөлімшелердің кинологиялық қызметтерінің тәжірибесімен алмасу туралы бастама көтерді. ҚР ІІМ Ауғанстан кинологтарын Алматыдағы ІІМ Кинологиялық орталығының базасында оқытуға дайын. Биыл біз теориялық және практикалық сабақтар форматында 5 кинологты оқытамыз. Келесі жылы ауған тарапына 5 қызметтік ит береміз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Ресми сапар барысында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Кабул университеті арасында су ресурстарын басқару мен ирригация, климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығын орнықты дамыту саласындағы ынтымақтастық бойынша ниеттестік туралы тиісті келісім жасалды. Құжатқа вице-премьер — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстанға сапары шеңберінде қол қойылды.

Орталықты Кабул университетінің базасында құру жоспарланған. Бұл – су ресурстары, ирригация, орнықты ауыл шаруашылығы саласындағы алғашқы оқу-зерттеу мекемесі. Жаңа орталық маман даярлау, білім алмасу, бірлескен зерттеу жүргізу мен су-аграрлық секторда заманауи шешімдер енгізудің тәжірибе алаңына айналады. Қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар білім беру бағдарламалары мен ғылыми сүйемелдеу жүргізеді.

Орталық су қауіпсіздігі, орнықты ауыл шаруашылығы, климаттық бейімделу, экологиялық мониторинг пен азық-түлік қауіпсіздігі бағытын біріктіретін университетаралық зерттеу платформасы ретінде дамиды деген болжам бар. Кешенді тәсіл аймақтың орнықты дамуы үшін тәжірибелік шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Кабул университеті – Ауғанстандағы 1932 жылы құрылған ең көне, ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орны. Университетте 22 факультет, пәнаралық ынтымақтастыққа арналған ауқымды академиялық база бар.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button