Қоғам
Тренд
«Баян-Өлгей қазақтың жері»: тарихшының пікірі Моңғолияда үлкен дау тудырып жатыр
Монғолияда қазақ пен монғол ара қатынасы ушығып барады.

Монғолияда қазақ пен монғол ара қатынасы ушығып барады.
Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдығы ашылады деген екі мемлекет басшысының келісімі Монғолия Парламентінде Нарантуяа есімді депутат тарапынан қарсылық тудыруда екен.
Ал енді отқа май құйғандай болған «Адырна» порталының басшысы Арман Әубәкірге берген Жеңіс Жомарт ағамыздың сұқбатынан тараған үзінді жағдайды тіптен ушықтырды.
Ол монғол әлемжелісіне аударылып тарап жатыр.
Үшінші мәселе Президенттің Қазақстанды Алтынорданың ізбасары деп жариялауы.
Әсіресе Жеңіс Жомарттың ерте тарихты қозғап «Баян-Өлгейді қазақтың жері» деген тұсы монғол ұлтшылдарының шымбайларына шынымен тиді.
Жеңіс Жомарт ағамыз қазіргі таңда Монғолия тарих институттарымен тығыз байланыста жұмыс жасап, түрлі ғылыми жобалармен екі елдің көне тарихын жаңғыртуға зор үлес қосып жүрген азамат.
Алайда «Адырнаға» берген сұқбатындағы үзіндіні соңына дейін толық тыңдалмай, кесіліп тарап кетуі екі елдің арасын ушықтырыға бағытталған араңдатушылардың әрекеті екені анық көрініп тұр.
Бір жағынан Монғол халқын да түсінуге болады. Кеше ғана көргі елдің Никонов пен Федоров қазақ деген ел болмаған дегенде өре түрегеліп едік.
Біз Монғолияда туып өстік.
Еш кемшілік, өгейсу көрген емеспіз.
21 министр, жүздеген Ұлы және кіші құрылтай мүшелері, әкімдер, академиктер, ғалымдар, дәрігерлер мен ұстаздар, офицерлер т.б өсіп, адал еңбек етіп, берекемен бірлікте өмір сүріп, көшіп кетсе да екі ел арасы сауда және саяси қарым-қатынасын орнатып отырған елдің арасына сына қағыла бастады.
Баян-Өлгей монғолдың жері.
20-ғасырдың басында Қытайдың қысымынан қашқан аз қазақ Боғды ханнан жер сұрап, паналады.
Осы кезден бастап монғол үкіметі қазақты тең санап, білім алып, ел қатарлы өмір сүруіне бар жағдайды жасады.
Социализм мен демократия заманында қазақтар монғолдар мен иық тіресіп, еңбек етіп, Монғолияның дамуына үлес қосып келеді.
Киіз туырлықты, көшпелі екі халық бірлесіп, ортақ мәдениетпен өмір сүрді.
Қазақтар Монғолияның батыс шекарасын нық ұстап тұр.
Баян-Өлгей аймағы күннен күнге көркейіп, дамып келеді.
Ертең Монғол үкіметі аз қазаққа қысым жасаса қайтеміз?
Ерте тарихты айтқанда тарихшылар сақ болғаны жөн-ау.
Сыныққа сылтау іздегендерге құрал болып кетеді.
Бұл жағынан келгенде Жақсылық Сәбитов деген тарихшы да сақ болғаны дұрыс болар еді
Ал орын алған жағдайға байланысты Баян-Өлгейдегі ақсақалдар радио, телевидение мен әлеуметтік желі арқылы екі ұлтқа басу айтуға мәжбүр болуда.
Шыңғыс хан қазақ деп көкитіндер көбейді.
Шыңғысхан монғол!!!
Оған таласудың еш қажеті жоқ.
Біздің Президентте осыны айтқан.
Біз Шыңғыс ханның ұлы Жошы құрған Алтынорданың ұрпағымыз.
Осы да жетеді
Өзгелерді империалистер, шовинистер деп алып, өзіміз солардан аумай қалған жоқпыз ба?
Жаны жомарт монғол халқы қазақты қашанда дос санаған.
Бастарына қиыншылық түссе Қазақстанның үш министрі қол қойған құжатпен, қазіргі Үкімет пен Мәжілістегі «Аманат» депутаттарының арқасында көші-қон жабылды.
Қазақ көші тоқтады.
Керісінше миллиондаған орысқа иин-ді заңды, заңсыз беріп орыстандыру саясатын күшейтіп келеді.
Алыста жатқан ағайынға кесірімізді тигізбейік.
Олар бізді қорған санайды.
Ал алыста жатып алып, жылы студияда отырып, екі елдің арасына от салып оттағанды қою керек!!!
Осы жазбаны Монғолия Президенті де көреді. Оқиды.
Монғолия мен Қазақстан достығы жасай берсін!
Баяжума Асылбек
Саясаттанушы, журналист



