«Арнайы дәрігерлер тобы және 319 тонна гуманитарлық көмек»: Қазақ делегациясы Ауғанстанға ауқымды миссиямен барды

Премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Кабулға гуманитарлық және іскерлік миссиямен барды, деп хабарлады tiek.kz.
Делегация құрамына Қазақстанның жетекші медициналық ұйымдарынан тоғыз маман кірді. Ауғанстандағы қазақстандық медицина күндері шеңберінде олар бір апта бойы кеңес беріп, халыққа практикалық медициналық көмек көрсетіп, ауған әріптестері үшін шеберлік сыныптарын өткізеді.
Сондай-ақ халыққа медициналық көмек көрсету үшін қазақстандық дәрігерлер тобынан бөлек, Ауғанстан халқына жалпы салмағы 318,8 тонна гуманитарлық көмектің кезекті партиясын ала барған.
Серік Жұманғарин өз сөзінде бұл гуманитарлық көмектің Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның Ауғанстан халқын қолдаудағы дәйекті саясатының бір бөлігі екенін атап өтті.
Гуманитарлық жүктің жалпы салмағы – 318,8 тонна. Оның құрамына 1,867 тонна дәрілік препараттар (вирусқа қарсы, гипогликемиялық, гастроэнтерологиялық, жүрек-қан тамырлары, бронходилататорлар және басқа да препараттар) және медициналық бұйымдар, 300 тонна қант, 100 орындық жазғы шатырлар, төсек-орын жабдықтарын және басқа да қажетті заттар кіреді. Жүктің негізгі бөлігі, 8 вагон, Балх провинциясындағы Хайратон стансасына теміржол арқылы, кейбір дәрі-дәрмектер делегациямен бірге әуе көлігімен жеткізілді. Гуманитарлық көмек жеткізуді KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерімен бірлесіп ұйымдастырды.

«Біз Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азия аймағындағы басты стратегиялық маңызды әріптесіміздің бірі ретінде қарастырамыз. Тұрақты және гүлденген Ауғанстан бүкіл аймақтың бейбітшілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызы зор екеніне сенімдіміз.
Сондай-ақ. бауырлас ауған халқына Қазақстаннан кезекті гуманитарлық көмек партиясы жеткізілді. Ұшағымыздың бортымен дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар жеткізілді. Теміржол арқылы азық-түлік тауарлары мен бірінші кезекте қажетті заттар келіп отыр. Жалпы 8 вагон жүк жіберілді. Алдағы уақытта гуманитарлық көмектің ауқымын одан әрі кеңейе береді деп ойлаймын», — деп атап өтті ол.
Сондай-ақ ол Қазақ елі жіберген гуманитарлық көмектің кезекті легі тек қолдау көрсету ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастық, құрмет пен жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Бүгін бізбен бірге қазақстандық медициналық ұйымдардан жетекші тоғыз маман – педиатрлар, гастроэнтерологтер, хирургтар, травматологтер және басқа да маман дәрігерлер келді. Олар жергілікті тұрғындарға қажетті көмек көрсетіп, ауған мамандары үшін шеберлік сыныптарын өткізеді. Адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауда дәрігерлер үшін нақты шекара жоқ. Өткен жылы 13 қазақстандық дәрігер 10 күн ішінде шетелде 40-тан астам ота жасап, мұқтаж емделушілерге жоғары деңгейде көмек көрсеткен болатын.Осылайша біз сол басталған медициналық миссияны жалғастырудамыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Ауғанстан Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы маңызды туристік хабқа айнала алады. Ал өз кезегінде Қазақстан технологиялардың, машина жасау және сапалы өнеркәсіп өнімдерінің кең ауқымына сенімді түрде иелік етіп отыр. Осылай деп атап өткен премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі 2026 жылғы 17 маусымда Қазақстан Президенті Алматыда Орталық құру туралы заңға қол қойғанын айтты. . Аймақтық орталықтың негізгі мақсаты – халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайту, тұрақты дамудың 17 мақсатын жүзеге асыру жөніндегі халықаралық және өңірлік күш-жігерді үйлестіру, сауда-экономикалық байланысты дамыту және инвестиция тарту екенін еске салды.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 540 миллион доллардан асты. Қысқа мерзімді перспективада сауда көлемін 3 миллиард долларға дейін ұлғайту туралы өршіл, бірақ қолжетімді мақсат қойылды. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін тұрақты жеткізу арналарын құру, өзара сауданың номенклатурасын кеңейту, сондай-ақ инвестициялар мен кәсіпкерлік белсенділік үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет.

Атап айтқанда, бұл — азық-түлік өнімдері. Негізінен бұл — сенім, ашықтық және өзара түсіністік. Бизнес пен мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің қатысуымен өтетін жыл сайынғы кездесулеріміз өз нәтижесін беріп, туындаған мәселелерді жедел шешуге, өсу нүктелерін табуға және оларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды оқиға — ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою және басқару саласындағы тұңғыш Азиялық Сандық Қазақ-Ауған білім, ғылым және инновациялық орталығының ашылуы болмақ. Осы ресурсты негізге ала отырып, біз аймақтағы әлеуметтік қамсыздандыру, кадрлармен жұмыс істеу және басқару ісіндегі дипломатиялық қарым-қатынастарға ерекше көңіл бөлеміз», — деді ол.
Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Аймақтық орталығы халықаралық және аймақтық өзара іс-қимылды үйлестіру үшін платформа болады. Жалпы, Алматыдағы БҰҰ Орталығы ауғандықтардың қатысуымен Ауғанстанның тұрақты дамуының ұзақмерзімді стратегиясын қалыптастыру үшін халықаралық алаң бола алады.
БҰҰ дерегі бойынша, бүгінде ауғандықтардың 45 млн тұрғынынан 30 млн-ға жуығы гуманитарлық көмекке мұқтаж. 5 жасқа дейінгі 1,3 млн–ға жуық бала дұрыс тамақтанбау салдарынан емге зәру.
Қазақстан – Орталық Азия елдері арасындағы Ауғанстанға гуманитарлық көмектің ірі жеткізушісі. Біздің еліміз жиырма жылдан астам уақыт бойы Ауғанстанға 2021 жылдан бастап тұрақты негізде гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Кейінгі бес жылда елге ондаған мың тонна ұн мен азық-түлік, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар, шатырлар, тұрмыстық заттар, жылы киімдер және басқа да қажетті тауарлар жіберілді.
Қазақстанның Ауғанстандағы алғашқы гуманитарлық миссиясы 2025 жылғы қарашада өтті. Сол кезде 13 қазақстандық дәрігер он күн ішінде 44 ота жасап, жүзден астам пациентке медициналық көмек көрсетті.



