«Торғайды туалеті жоқ етіп, кітап жазудың мақсаты не?»: белгілі журналист Санжар Керімбайға ренішін білдірді
Горшоктен кейін қораның сыртындағы дәретханаға барғанымды анық білемін.

Санжар Керімбайдың ұлтқа қызмет етуді ең бір опалы дүние, оны халық ешқашан ұмытпайды деген тұрғыда тарихи тұлғалардың өміржолдарын насихаттап кітаптар шығаруын құптаймын-ау, ал бірақ тым бояуды көп жағып, әсірелеймін деп ауытқып кететін тұстарын құптамаймын. Ол біріншіден, тарихи тұлғаға да, болған оқиғаларға да қиянат, жалпы шындықты әдіптеймін деп әділетсіздікке де кетіп қалуға болады. (Қазір “әділет” деген сөз трендке айналып баратындықтан қосып қояйын) әзіл.
Өзбекәлі Жәнібеков және Торғай
Торғай жұрты Жәнібековты шынайы жақсы көреді, құрметтейді, ұмытпайды. Өйткені Өзбекәлінің ішкі рухани әлемімен Торғайдың тарихи тамыры, ондағы таза қазақы дәстүр мен мәдениеттің сақталуы кереметтей астасты. Арасына сына қағатындай, жік кіретін жері жоқ ұғынысқан, үндескен әлем болды. Өйткені Торғай төрт құбыласынан да тек қазақ өлкелелерімен шекаралас, өзге қоңсының , мейлі ол ағайындас өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, ұйғыр дейсіз бе ешкімнің араласы жоқ , ықпалы тимеген таза қазақтар мекендеген, топырағында Алаш арыстарын тербеген, оазис тәрізді оқшау жатқан жер еді. Жолы жоқ, облыс орталығы Қостанайдан тым жырақ, өз қотырын өздері қасып, қоңыртөбел тірліктеріне еттері әбден үйренген шақта Торғай өз алдына облыс болып көтерілген. Ел ду ете қалды. Еңселері көтеріліп, үміт шоғы жылт-жылт еткенде елге басшылардың алдыңғы легінде Өзбекәлі Торғайға келген. Өзағаңның да іздегені, жанының қалағаны осындай топырақ еді.
Ол уақытта Алаш азаматтарының көзін көрген ескі көздер баршылық еді. Өзағаңның ұлт жанашыры ретінде қайраткерлік деңгейге көтерілуіне Торғай ерекше әсер етті. Ол құнарлы топырақта қанша қазына көміліп жатқанын айқын көрді. Торғайдың сөз ұғынар халқының, шежіре мен шешендік сөздерді түйдегімен ағытатын қарияларының әңгімелеріне қанды. Қандай терең пласт жатқанын көріп, оны сақтауға бүгін ұмтылмаса, ертең жоғалып кететін қауіпін ұқты да жанталасты. Олай ететіні топырақта әлі де құнар бар және ол өзге өңірлерге қарағанда тезірек өнім беретінін жан әлемімен сезінді. Ұлт мәдениетінің тамырына қан жіберуді Торғайдан бастаудың маңызын ұқты. Содан Мәскеуден Ольга Голушкевичті, Алматыдан Болат Сарыбаевты алдырды. Өзі еденін бояп жүріп музей ашты.
Осылайша түкпірдегі Торғайда алғашқы этнографиялық ансамбльдер құрылды. “Ғасырлар пернесі”, “Шертер” археологиялық артефактерге айналған аспаптарды сахнаға алып шықты. Жетіген, шертер, сыбызғы, сазсырнай, қобыз дала самалына үн қосты. Бұл-ұлттық фольклор, этнографияның Кеңестік идеологияның құрбанына шалынып жан тәсілім етейін деп жатқан уақытында аурухананың реанимациясына түсіп аман қалғанындай оқиға еді.
Өкініштісі сол Өзағаңның еңбегін айшықтаймын деп Торғайды туалеті жоқ, Шәмші мен Мұхтарды сыртқа шығармай қамап қойып Арқалыққа арнап ән шығартты деу қаншалықты қисынды? Мен 1961 жылы туған жанмын. Горшоктен кейін қораның сыртындағы дәретханаға барғанымды анық білемін. Әр үйдің өзінікі бөлек еді, ал дала мәдениетін қанына сіңірген қариялар ауылдан ұзаса белдеріне қыстырылған шаппа-шотымен дәретін көметін.
Сонда Торғайды әлгідей етіп кітапқа жазудың мақсаты не? Сосын Өзағаңның Арқалыққа ән арнаңдар деп тапсырыс бергені тарихи шындық, бірақ қамап қоймаған. Оны талай сол уақиғаның куәсі болғандардың өз ауыздарынан естігенбіз. Ішінара болса да, аз қалғанымен тірі куәлары да бар. Ал бүкіл Қазақстан жұртына онсыз да жаппай облыстар ашылғанда ұмытылған Торғайды, қағажулықты биліктен көп көретін Торғайды Өзағаңның көркем бейнесін жазамын деп бұқтырып, тапап алу қалай сонда? Осыған басым жетпей қойды.
Өзбекәлі Жәнібеков Торғайды тұқыртамын деген емес, ол Торғайды тірілту арқылы бүкіл ұлтқа қызметін жасады. Осыны ұмытпайық!
Журналист Анар Төлеуханның facebook парақшасынан



