Қоғам

«Менің де қызым шетелге тұрмысқа шықты» — Ермұрат Бапи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қазақ қыздарының шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Депутаттың айтуынша, жекелеген адамның тағдырын тұтас ұлттың немесе мемлекеттің мәселесімен байланыстыру дұрыс емес.

«Мұхтар Жәкішевтің қызының шетел азаматына тұрмысқа шығып жатқаны Қазақстанға, қазақ ұлтына категория ма? Мен одан  алабөтен ештеңе көріп тұрған жоқпын. Бір адамның тағдырымен бүкіл Қазақстандағы жағдайды салыстыруға болмайды. Қазақта «Қыздың жолы жіңішке», «Қыз мұраты – кету» деген сөз бар. Сондықтан бұл жердегі мәселе бұл емес. Мәселе – жаңадан үйленген он жұптың алтауы екі жылдың ішінде ажырасып кетеді. Бұл  біз үшін мәселе. Бейресми статистика бойынша Қазақстанда бір миллионға жуық отыздан асқан ер азамат үйленбей жүр деген пікір бар. Ол қаншалықты шын екенін білмеймін, бірақ оған сенемін. Міне, нағыз проблема. Біз азаматтарымыздың ел ішіндегі демографияға, басқа да жағдайларға, жалпы тұрмыс пен тіршілікке қатысты мәселелеріне назар аударуымыз керек. Жәкішевтің бір қызына қарағанда әлдеқайда маңызды мәселелер бар», – деді депутат.

Сондай-ақ Ермұрат Бапи қазақ қыздарының шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуына қарсы емес екенін, өз қызының да шетелге тұрмысқа шыққанын жасырмады.

«Ешқашан қарсы болмаймын. Егер тағдыры солай маңдайына жазылып тұрса, мен қалай қарсы боламын? Менің бір қызым шетел азаматына тұрмысқа шықты. Ол 13 жыл шетелде жүрді. Қазақстанға қайтып келсе де өз адамын таба алмады. Содан соң шетелге қайтадан кетті. Қазір де шетелде тұрады», – деді Ермұрат Бапи.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button