Қоғам

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Полиция қызметкеріне қатысты іс тоқтатылды

Бұл – осы апат бойынша жабылған екінші іс. Бұған дейін тергеушілер сотталушының достарының жалған айғақтарына байланысты қылмыстық істі толығымен тоқтатқан еді.

Ішкі істер министрлігі Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған атышулы өлімге әкеп соққан апатқа байланысты қозғалған қылмыстық істердің бірінің жабылғанын хабарлады.

«3 маусымда Қылмыстық кодекстің 362-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабының 1-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылды», – делінген хабарламада.

Бұл істегі басты күдікті Алматы полиция департаменті басшыларының бірінің жеке жүргізушісі болып жұмыс істеген қызметтегі полиция қызметкері еді. Іс жалған нөмірлерді заңсыз берумен байланысты болған еді.  Қайғылы оқиғадан кейін бірден айыпталушының көлік құралының тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірлі көлік жүргізгені анықталды.

Наурыз айының соңында ішкі істер министрлігінің ішкі қауіпсіздік департаменті полиция қызметкерлеріне қатысты «Өкілеттілікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» бабы бойынша тергеу бастаған.

Айта кету керек, бұл – осы апат бойынша жабылған екінші іс. Бұған дейін тергеушілер сотталушының достарының жалған айғақтарына байланысты қылмыстық істі толығымен тоқтатқан еді.

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button