Депутат балабақшалардағы ойыншықтарда ЛГБТ символикалары бар екенін айтып дабыл қақты
Депутат Ринат Зайыт балабақшалардағы ұлттық тәрбие мәселесін көтеріп, білім саласына жауапты министрлікті өткір сынға алды. Депутаттың айтуынша, қазіргі балабақшаларда ұлттық тәрбиеден гөрі жат мәдениеттің ықпалы байқалады деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәжілісмен бірінші кезекте мемтапсырыс бойынша жасалған мультфильмдердің нақты тізімін сұрады. Оның сөзінше, мұндай туындылар балаларға ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталғаны аса маңызды.
«Бұлай деуіме өте-мөте маңызды себеп бар. Балабақшалардағы ойыншықтар арасында бөтен белгілерді, соның ішінде ЛГБТ символикаларын байқап жүрмін. Бұл ма, бұл аса қауіпті үрдіс», – деп ескертті депутат.
Ол балабақшаларда көбінесе ресейлік «Маша мен аю», «Фиксики» сияқты мультфильмдер көрсетілетінін де сынға алды. Депутаттың ойынша, көршіден келетін контент ұлттық тәрбиеге мүлде жат.
Зайыт әсіресе жеке меншік балабақшаларға қатаң мониторинг жүргізуді, ондағы оқу құралдары мен ойыншықтарды толық тексеруді талап етті.
Сонымен бірге депутат ауылдық жердегі балабақша жағдайына қатысты министрліктің жұмысын сын тезіне алды:
«Ауылда бала-шаға жоқ па? Жұмысқа шығатын ата-ана жоқ па? Балалардың тәрбиесі қалай жүріп жатыр? Баяндамада осы мәселені аттап өтіп кеткен секілдісіздер, қала мен аудан ғана көрсетілген», – деді Зайыт.
Осыған байланысты ол соңғы үш жылда ауылдық жерлерде ашылған мемлекеттік балабақшалардың нақты санын ұсынуды талап етті.
Министрлік өкілі не дейді?
Сұраққа жауап берген Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова Қазақстанда барлық балабақшалар үшін бірыңғай тәрбие және оқыту бағдарламасы бекітілгенін атап өтті.
«Барлық балабақшалар, меншік нысанына қарамастан, осы бағдарламамен жұмыс істеуге міндетті», – деді вице-министр.
Айтуынша, балабақшаға арналған көрнекі және әдістемелік құралдардың тізімі министрдің арнайы бұйрығымен бекітілген. Оның құрамына математикалық құралдар, геометриялық фигуралар, сағат макеттері, ұлт қайраткерлерінің портреттері және басқа да көрнекі материалдар енгізілген.
Алайда вице-министр мемлекеттік тапсырыс аясында ұлттық тәрбиеге бағытталған мультфильмдердің нақты тізімін айта алмады, сөйтіп ақпаратты жазбаша түрде беруге уәде етті.



