Өскеменде қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қамауға алынды (ВИДЕО)

Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қамауға алынды, деп хабарлайды tiek.kz.
Судья Әділ Бәкин пара алды деген күдікке ілінген. Іс материалдарында 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі сома көрсетілген. Тергеу мәліметінше, осы ақша үшін сот алқасының төрағасы Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында орналасқан ұйым басшысына қатысты қылмыстық іс бойынша оң шешім шығаруға уәде берген.
Аталған ұйым басшылары биыл мамыр айында жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылған болатын.
Ақпаратты жоғарғы соттың баспасөз қызметі растады.
«Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаменті мен Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімі бірлесіп жүргізген операция нәтижесінде Өскеменде аса ірі мөлшерде пара алып жатқан сәтінде Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Б. ұсталды. Ол мүдделі тараптың пайдасына оң шешім шығару үшін пара алған», – делінген жоғарғы сот хабарламасында.
Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.



