Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы Қазақстанды «аусылдан таза ел» деп таныды
Қазақстан Орталық Азиядағы мұндай мәртебеге ие болған жалғыз мемлекет атанып отыр.

29 мамыр күні Астанада NU Impact Foundation қоры мен «Тұран» Қазақстан мал өсірушілер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған «Ғылым мен индустрия диалогы» атты дөңгелек үстел өтті. Отырыс аясында Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясының қорытындысы бойынша әзірленген салалық аналитикалық есеп таныстырылды.
Баяндама ет бағытындағы мал шаруашылығының экспорттық әлеуетіне, саланың жүйелі мәселелеріне және Қазақстанның туристік инфрақұрылымын дамытуға арналды. Іс-шара Nazarbayev University базасындағы Еnergy Creative Hub алаңында өтті.
Дөңгелек үстел 2026 жылғы 1-16 мамыр аралығында өткен Dala.Camp экспедициясының қорытынды іс-шарасы болды. Экспедицияның бас серіктестері – Compass, Wendy’s, Kusto Group және Kazpetrol Group компаниялары. Стратегиялық серіктестері – Nazarbayev University мен NU Impact Foundation.
Экспедиция қатысушылары 7 500 шақырымнан астам жол жүріп өтіп, еліміздің 12-ден астам өңірін аралады. Олар мал шаруашылығы кәсіпорындарына, қайта өңдеу зауыттарына және туристік нысандарға барды.
«Тұран» қауымдастығы басқарма төрағасы әрі Dala.Camp қауымдастығының негізін қалаушы Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, жобаның басты мақсаты саланы тікелей өндіріс орындарында зерттеу болған.
«Экспедиция 16 күн ішінде саланы тұқым мен жем-шөптен бастап экспортқа жөнелтуге дейінгі барлық кезеңде зерделеді. Біз саланың қай тұста тиімділігін жоғалтып отырғанын және бүгін Қазақстанға қандай шешімдер шын мәнінде қажет екенін көргіміз келді», – деді Жәнібек Кенжебаев.
Есептің негізгі тақырыптарының бірі Қазақстанның жаңа ветеринариялық мәртебесі болды. 2026 жылғы 22 мамырда еліміз Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) «вакцинация жүргізілетін аумақта аусылдан таза ел» мәртебесін алды. Осылайша Қазақстан Орталық Азиядағы мұндай мәртебеге ие болған жалғыз мемлекет атанды.
«Экспортқа шығуға мүмкіндік алдық. Бірақ оған апаратын тізбек әлі толық қалыптасқан жоқ», – деді Жәнібек Кенжебаев.
Оның айтуынша, Қазақстан ұзақ уақыттан кейін алғаш рет Қытай, Парсы шығанағы елдері және Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты ірі нарықтарда орнығуға мүмкіндік алып отыр. Алайда экспорттық мүмкіндік әлі де шектеулі, ал өндірістік тізбек халықаралық бәсекеге толыққанды дайын емес.
Презентация барысында саланың негізгі көрсеткіштері ұсынылды. Есеп деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ірі қара мал саны 9-9,2 миллион басқа жеткен. Барлық түрдегі ет өндірісі 1,2 миллион тоннаны құрады. Ал 2025 жылдың алғашқы 11 айында ет экспорты шамамен 25 пайызға өсіп, 91,3 мың тоннаға жетті.
Соның ішінде қой еті экспорты 92,8 пайызға, ал сиыр еті экспорты 59,1 пайызға артқан.
Жәнібек Кенжебаев саланың сандық өсімі әзірге сапалық серпілісті білдірмейтінін атап өтті. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ірі қара малдың шамамен 90 пайызы әлі де индустриялық өндіріс жүйесінен тыс қалып отыр. Оның 45,5 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарға, 44,1 пайызы фермерлік шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлерге тиесілі болса, небәрі 10,4 пайызы ғана ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында шоғырланған.
Есепте Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына да ерекше назар аударылды.
Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, саланың одан әрі дамуы өнімділікті арттырумен, заманауи технологияларды енгізумен және генетиканы жетілдірумен қатар жүруі тиіс.
Презентация барысында Қазақстанның әлемдегі жетекші ет экспорттаушы елдермен салыстырмалы талдауы ұсынылды. Егер АҚШ-та бір малдан алынатын ұша салмағы 380–420 келіге жетсе, Канада мен Францияда бұл көрсеткіш шамамен 370 келіні құрайды. Ал Қазақстанда көптеген жағдайда бұл көрсеткіш 250 келіден аспайды.
«Әлемдік көшбасшылардан қалып қою мал басының санымен емес, бір басқа шаққандағы өнімділікпен өлшенеді. Бұл алшақтықты мал санын көбейту емес, генетика, жем-шөп базасы және технологиялар арқылы ғана қысқартуға болады», – деді Жәнібек Кенжебаев.
Баяндаманың негізгі қорытындыларының қатарында Қазақстанның жаңа экспорттық мәртебесінің осалдығы, өндірістік тізбектің әр кезеңінде қосылған құнның жоғалуы, саланың өнімділік жағынан артта қалуы және бір мезгілде барлық нарықта бәсекелесуге ұмтылмай, 2–3 экспорттық бағытқа шоғырлану қажеттігі атап өтілді.
Есеп авторлары саланың экспорттық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін үш негізгі шартты да айқындады. Олар – өнімнің қадағалануын қамтамасыз ету, қаржыландыруға қолжетімділік және шағын әрі орта бизнесті кооперативтер мен қауымдастықтар арқылы біріктіру.
Сонымен қатар алдағы 12–24 айға арналған бес басым бағыт ұсынылды. Олардың қатарында аусыл бойынша қол жеткізілген мәртебені сақтау, бордақылауға дейінгі өсіру шаруашылықтарының желісін дамыту, генетика және эмбриондық зертханалар бағдарламаларын іске қосу, Қазақстанның экспорттық нарықтардағы орнын нығайту және өнімді қадағалау жүйелерін енгізу бар.
Есепте 2031 жылға дейінгі кезеңге арналған саланы дамытудың үш ықтимал сценарийі де ұсынылды. Біріншісі – инерциялық сценарий, онда Қазақстан шикізат жеткізушісі ретінде қала береді. Екіншісі – мақсатты сценарий, оған сәйкес ел жүйелі ет экспорттаушы мемлекетке айналады. Үшіншісі – экспорттық мүмкіндіктердің жоғалу қаупімен байланысты тәуекел сценарийі.
Дөңгелек үстел отырысы қорытындысы бойынша NU Impact Foundation қоры, «Тұран» Қазақстан мал өсірушілер қауымдастығы, «Асыл-Түлік» мал шаруашылығындағы асыл тұқым ісі жөніндегі республикалық орталығы» АҚ және «National Laboratory Astana» жеке мекемесі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Келісімге төрт тарап қол қойды. Қазақстандағы инновациялар, ғылым және технологияларды дамытуға жәрдемдесетін NU Impact Foundation корпоративтік қоры атынан басқарма төрағасы Саят Нүсіпов қол қойды.
Ет өндірушілердің мүддесін қорғайтын және еліміздің мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру бағытында жұмыс істейтін «Тұран» Қазақстан мал өсірушілер қауымдастығы атынан басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев қол қойды.
Қазақстандағы селекция, генетика және мал өнімділігін арттыру мәселелеріне жауапты «Асыл-Түлік» мал шаруашылығындағы асыл тұқым ісі жөніндегі республикалық орталығы» АҚ атынан басқарма төрағасының орынбасары Болат Сейсенов қатысты.
Ал биотехнологиялар, геномика және қолданбалы ғылыми зерттеулер саласына маманданған Nazarbayev University жанындағы National Laboratory Astana зертханасы атынан бас директор Дос Сарбасов қол қойды.
«Біз үшін университет зертханаларынан шығып, нақты жағдайды жергілікті жерде көру аса маңызды болды. Сондықтан Nazarbayev University экожүйесінің өкілдері Dala.Camp экспедициясына қатысты. Қазақстанда әлеуеті жоғары мықты шаруашылықтар бар. Nazarbayev University мен NU Impact Foundation-ның міндеті – ғылымды тәжірибеге енгізу. Бүгін қол қойылған келісім дәл осы мақсатқа бағытталған.
Биотехнологиялар, генетика, асыл тұқымды мал шаруашылығы және кадр даярлау бағыттарының барлығы біздің экожүйеде бар. Енді біз осы мүмкіндіктерді нақты қажет жерлерде қолдану жауапкершілігін өз мойнымызға аламыз. Бүгін біз алғаш рет ғылым мен индустрияны бір үстел басына жинадық және бұл үлкен жұмыстың бастауы ғана.
Аусылдан таза ел мәртебесін сақтау, эмбриондық технологияларды дамыту, геномдық банк құру және саланы цифрландыру бағыттары мықты ғылыми негізді талап етеді. Бұл жерде Университет пен Қордың рөлі ерекше маңызды. Біз нақты пилоттық жобалар бойынша келісімге келдік және бұл диалогты жалғастырамыз», – деді NU Impact Foundation басқарма төрағасы Саят Нүсіпов.
Дөңгелек үстел қатысушылары мал шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізуге байланысты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Ұсынылған бастамалардың қатарында фермерлерге арналған салалық цифрлық сервистерді әзірлеу мәселесі болды. Мұндай шешімдер шаруашылықтардың тиімділігін арттырып, нарық қатысушылары арасындағы өзара байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ іс-шара барысында NU Impact Foundation қоры мен «Тұран» қауымдастығының қолдауымен Nazarbayev University базасында ірі қара малдың репродуктивтік технологиялар орталығын құру жоспарланғаны жарияланды.
Күтіліп отырғандай, орталық отандық ірі қара мал эмбриондарын әзірлеумен, селекцияны дамытумен және агробиотехнология саласына мамандар даярлаумен айналысады.
Dala.Camp экспедициясының қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар Қазақстанның мал шаруашылығы, өңірлік экономикасы және туристік әлеуетіне арналған көп бөлімді реалити-шоу мен деректі фильм әзірлеуде.
Экспедицияның бас серіктестері – Compass, Wendy’s, Kusto Group және Kazpetrol Group.
Стратегиялық серіктестері – Nazarbayev University, NU Impact Foundation, Onergy Hub, Astana Business Campus, Savory, KMF Банкі, KMF-Демеу және New Vision Forum.
Ресми серіктестері – «Ауыл» партиясы, KazBeef, iGpskz және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ.



