Саясат

«Əділет» партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті

Елімізде жаңадан құрылған «Əділет» партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті, деп хабарлайды tiek.kz.

2026 жылғы 1 маусымда Əділет министрлігі «Əділет» саяси партиясын Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкесдеп тауып, мемлекеттік тіркеуден өткізді.

Партия түрлі салалардағы кəсіби қауымдастық өкілдерін біріктіреді. Оның қатарында еңбек адамдары, мұнай сервистік жəне тау-кен металлургиясы салаларының қызметкерлері, шахтерлер, спортшылар, педагогтер, дəрігерлер, ғалымдар, кəсіпкерлер, IT-мамандары, заңгерлер жəне креативті индустриялардың өкілдері бар.

Партия бағдарламасының негізінде əділеттілік, жауапкершілік, заңдылық, теңдік, отансүйгіштік жəне прогресс қағидаттары жатыр. Негізгі басымдықтар ретінде заң үстемдігі мен құқықтық тəртіпті нығайту, тиімді институттарды дамыту, өңірлерді қолдау, цифрландыруды ілгерілету, адами капиталды дамыту жəне бəсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру айқындалған.

«Əділет» партиясы өз қызметін кəсібилікке, қоғамдық диалогқа жəне жауапты азаматтық ұстанымға сүйене отырып, əділетті, заманауи əрі бəсекеге қабілетті Қазақстанды дамытуға қосылатын үлес деп қарастырады. Алдағы уақытта партия ұйымдық құрылымын одан əрі қалыптастыру жұмыстарын жалғастырып, өңірлердегі қызметін жүйелі түрде дамытатын болады», — делінген партияның хабарламасында.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button