Заң үстемдігі

Шетелдік нөмірмен жүрген көліктер тәркіленіп жатыр: полиция мәлімдеме жасады

Кешеден бері әлеуметтік желіде Атырауға өзге өңірден келген полиция көліктері қаптап жатыр, шетелдік көліктерді тексеріп, тәркілей бастапты деген қауесет тараған еді. Бүгін полиция аранйы мәлімдеме жасап, Атырау облысында 21-23 мамыр аралығында «Тоқта-заңбұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатқанын хабарлады. Осыған байланысты өңірдегі тәртіпті күшейту үшін Атырауға Астана қаласынан, Қарағанды және Қостанай облыстарынан полиция қызметкерлері келді.

Атырау облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, аймақта полицияның кешенді және тартылған қосымша күштерінің бірыңғай гарнизондық таратылымы (саптық тексерісі) өтті. Ресми нұсқа бойынша, бұл күшейту шаралары құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.

Ведомство өкілдері бұл операция аймақтағы «криминогендік жағдайды сауықтыруға», заңбұзушылықтар деңгейін төмендетуге және азаматтардың құқықтық мәдениеті мен санасын арттыруға септігін тигізуі тиіс екенін мәлімдеді.

Атырау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов барлық бөлімшелердің өзара іс-қимылын үйлестірудің және қызмет барысында заңдылықты қатаң сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Полиция таратқан мәліметте көрсетілгендей, бұл күндері құқық бұзушылықтардың алдын алуға, түрлі арандатушылықтарға жол бермеуге және қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген әрекеттерге жедел әрі дер кезінде үн қатуға басты назар аударылады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button