Экономика

Астанада екінші әуежай қай жерде салынуы мүмкін: үш бағыт қарастырылуда

Елордада екінші әуежай салу жоспары күннен-күнге нақтылана түсуде. Астана әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев қазіргі уақытта сарапшылар тобы қарастырып жатқан негізгі бағыттарды мәлімдеді.

Әкім орынбасарының айтуынша, жаңа әуежайдың қажеттілігі қаланың қарқынды өсуінен туындап отыр. Қазіргі таңда орналасатын жердің үш негізгі нұсқасы зерттелуде:

  • Қосшы қаласының ауданы;
  • Қарағанды тасжолы бағыты;
  • Павлодар тасжолы бағыты.

«Нақты орны әлі белгісіз, сарапшылар тобы жұмысын жалғастыруда. Бұл — алдын ала жасалған нұсқалар», — деп атап өтті Өтебаев.

Айта кету керек, Астананың бас жоспарында жаңа әуежай құрылысына арналған перспективалы жер учаскелері алдын ала қарастырылған.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың көлік-транзиттік әлеуетін күшейту мақсатында Астанада екінші әуежай салу мүмкіндігін жан-жақты қарастыруды  тапсырған еді.

«Жуырда біз елімізде толыққанды авиахабтар қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Соның ішінде елорда әуежайына қатысты жұмыс та бар. Бірақ Қазақстанда өндірілетін авиа жанармай көлемі жеткіліксіз. Осы жағдай авиахабтарды дамытуға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан үкімет авиа жанармай өндірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бәлкім, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек шығар. Оның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Үкімет осыған қатысты өз ұстанымын айқындап, нақты шешім қабылдауы қажет», – деді президент.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button