«Балаларымыз үшін алаңдаймыз»: Көкшетаудағы жантүршігерлік оқиғадан кейін аула тұрғындары үндеу жариялады
Көкшетауда тұрғын үйдің автотұрағына кіреберіс жерде әйелді көлік қағып, оқиға орнында көз жұмған еді.

Көкшетауда тұрғын үй ауласында әйелді көлік басып кеткеннен кейін, аула тұрғындары қауіпсіздік мәселесін айтып, шу көтерді. Тұрғындар ауланың әсіресе балалар үшін қауіпті екенін айтады.
Тұрғындар бірнеше рет жол мәселесін шешуді, жасанды жол кедергілерін орнатуды және аулаға екінші кіреберіс ашуды сұрап бірнеше рет мәселе қозғаған. бұл мәселе бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне және әкімдікке бірнеше рет жүгінген. Алайда мәселе әлі шешілмеген.
Үш тұрғын үйге апаратын тек бір ғана кіреберіс жол бар дейді тұрғындар. Барлық көлік тек сол арқылы күн сайын кіріп-шығатын көрінеді.
«Біздің аулада өте қайғылы, жантүршігерлік жағдай болды. Күндіз көз алдымызда адамды көлік қағып кетті. Біз, осы үйдің тұрғындары, қауіпті жағдайда өмір сүріп жатырмыз, себебі барлық көлік бір ғана кіреберіс арқылы өтеді. Балаларымыз аулада ойнайды, жанында ойын алаңы бар, бірақ мұнда қауіпті. Бүгінгі жағдай – соңғы тамшы болды. Бұған дейін де апаттар болған, бірақ адам өлімі тіркелмеген еді. Енді бір бала анасынан айырылып отыр. Осыдан кейін қалай үнсіз отырамыз?» – дейді тұрғындар.
Сондай-ақ тұрғындар бастапқы жоба бойынша шағынауданда екінші кіреберіс болуы керек болғанын, кейін еш себебі түсіндірілместен жауып тастаған.
«Жанында балабақша да бар. Барлық көлік бір ғана жолмен жоғары жылдамдықпен өтеді. Бүгін сол жалғыз кіреберісте адамды қағып, мерт қылды. Егер аулада тағы бір төтенше жағдай болса, жедел жәрдем қалай кірер еді?» – деп наразы болды тұрғындар.
Желіде тараған видеодан жол апаты болған кезде ауланың бос болғанын, ал әйелдің жүргізуші көре алатындай қашықтықта жүріп бара жатқанын көруге болады. Желі қолданушылар жүргізушінің әйелді қалай байқамай қалғанына аң-таң.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда тұрғын үйдің автотұрағына кіреберіс жерде әйелді көлік қағып, оқиға орнында көз жұмған еді. Белгілі болғандай, марқұм 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеп келген. Артында қызы жалғыз қалды.



