Банк пе, құрылысшы ма? «Лесная Поляна» тұрғындары кімнің құрбаны болды?

Бұған дейін Tiek.kz ақпараттық порталында «Лесная Поляна» тұрғын алабындағы пәтерлердің «Alatau City Bank» АҚ кепілінде қалып, тұрғындардың өз мүлкіне заңды түрде иелік ете алмай отырғаны туралы мәселе көтерілген болатын. Редакцияның Бас прокуратураға жолдаған ресми сауалына қала прокуратурасынан жауап келді.
Қала прокуроры Д. Ізбасаровтың мәліметінше, «Лесная Поляна» тұрғындарының ұжымдық арызы негізінде Қосшы қаласының Полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қылмыстық іс 2025 жылғы 17 қазанда ҚР Қылмыстық кодексінің 195-бабы 5-бөлігіне сәйкес «Жас құрылыс АСТ», «Quality Construction» және «Capital Real Estate Fund» ЖШС-не қатысты қозғалған.
Тұрғындар неге пәтерді өз атына тіркей алмай отыр?
Арызда көрсетілгендей, аталған құрылыс компаниялары «Alatau City Bank» АҚ кепілінде тұрған пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайларды сатып жіберген. Соның салдарынан талапкерлер жылжымайтын мүлікке деген меншік құқықтарын тіркей алмай отыр. Қазіргі таңда бұл іс бойынша Қосшы қаласының полициясы толыққанды тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша құрылыс салушылардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Құрылыс компаниясы мен банк арасындағы сот
Мәселенің екінші ұшы құрылыс салушылар мен банк арасындағы сот дауына тіреліп тұр. Құрылыс салушылардың уәжіне сәйкес, аталған объектілер бойынша берешек өтелгеніне қарамастан, банк пәтерлерді кепілден негізсіз шығармай отыр. Бұл халықтың меншік құқығын рәсімдеуіне кедергі келтіруде.
Осы себепті құрылыс салушы банк уәждерімен келіспей, есептелген берешекті заңсыз деп тану туралы талап арызды Медеу аудандық сотына жолдаған. 2025 жылғы 31 желтоқсанда бірінші сатыдағы сот құрылыс салушының берешекті заңсыз есептеу туралы уәждерін қанағаттандырды.
Алайда, процесс мұнымен тоқтаған жоқ. Қазіргі уақытта банк пен құрылыс салушы арасында Медеу аудандық сотының шешіміне қатысты банктің апелляциялық шағымы қаралуда.
Қала прокуратурасы бұл мәселенің қатаң бақылауда екенін мәлімдеді. Редакция істің ары қарайғы өрбуін және тұрғындардың заңды құқықтарының қашан толық қалпына келетінін назарда ұстайды.
Тұрғындардың арызы төмендегі видеода:



