Кабинетінде бейтаныс әйелмен аймаласқан директор кім?
Желі қолданушылары видеоның расымен оқу орнында түсірілгенін және онда кімдер бейнеленгенін анықтауды талап етіп жатыр.

Желіде екі мұғалімнің білім ордасындағы оғаш әрекеті түсірілген видео тарады. Кадр Қызылорда облысындағы оқу орындарының бірінде түсірілген болуы мүмкін, деп жазады Stan.kz.
Видеоны Facebook желісінде Ардак Қазақбайқызы есімді қолданушы жариялаған. Кадрдан кабинетте отырған екі мұғалімнің бір-біріне жақындасқанын көруге болады. Тіпті олар бір сәтте құшақтасып, аймаласа жөнеледі.
“Жүкті қыздар қайдан пайда болады деп сұрайсыздар. Білім берілуге тиіс жерде білім емес, басқа нәрсеге үйретіп жатыр”, – деп жазды ол видео сипаттамасына.
Ал желі қолданушылары видеоның расымен оқу орнында түсірілгенін және онда кімдер бейнеленгенін анықтауды талап етіп жатыр. Ал өңір әкімдігінің баспасөз қызметі жағдайға қатысты пікір білдірді.
Олардың мәліметінше, оқиға былтыр желтоқсан айында болған. Колледж директоры әріптесін жетістігімен құттықтаған екен.
“Қызылорда облысының білім басқармасы әлеуметтік желіде жарияланған видеоға тексеру жұмыстарын жүргізді. Арнайы жұмыс тобы Жаңақорған ауданында болып, саралау жасады. Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжінің директоры әріптесін жетістігімен құттықтағанын жеткізді. Оқиға 2025 жылдың желтоқсан айында болған. Басқарманың басшылық құрамы колледж ұжымымен кездесіп, арнайы жиын өткізілді. Колледж директоры қызметінен босатылды. Мәселе қатаң бақылауға алынды”, – делінген жауапта.



