Өскемендегі «Казцинк» зауытында болған жарылыстан 9 адам зардап шекті
Зардап шеккендердің екеуінің жағдайы ауыр.

Өскемендегі «Казцинк» зауытында болған жарылыстан 9 адам зардап шеккені анықталды.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Оқиға орнына 5 жедел жәрдем бригадасы жіберілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендердің екеуінің жағдайы ауыр. Бір науқасты ауруханаға «Казцинк» қызметкерлері жеткізсе, тағы біріне медициналық көмек оқиға орнында көрсетілуде.
Қалған зардап шеккендердің жағдайы нақтыланып жатыр, дәрігерлер қажетті көмек көрсетуде.
Жарылысқа қатысты тергеуді Премьер-Министр Олжас Бектенов жеке бақылауына алды.
Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология министрлігі және облыс әкімдігіне нақты тапсырмалар беріп, жағдай бойынша толық есеп ұсынуды талап етті. Алдын ала деректер бойынша, оқиға салдарынан 4 адам зардап шеккен. Қазір құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, үйінділерді аршып, өрт ошақтарын толық сөндірумен айналысуда.



